Қазақстанда экспорт көлемі 30 % өсіп, 48 миллиард доллардан жоғары көрсеткішке жетті

Қазақстанда экспорт көлемі 30 пайызға дейін өсіп, 48 миллиард доллардан жоғары көрсеткішке жетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі соңғы 4 жылда 32 пайызға дейін өсім көрсеткен. Ал сыртқы сауда айналымы 69,5 миллиард долларды құраған. Қазақстандық тауарларды 123 елдің тұрғындары тұтынады. Негізінен Ресей және Қытай тарапынан сұраныс мол.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

2018 жылдың 2 айындағы деректер бойынша, экспорт 8,8 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,4 пайызға артық. Яғни, 6,9 миллиард АҚШ долларын құрады.  2010-2017 жылдары экспорттаушыларды қаржылық сақтандыруға 112,6 миллиард теңгеден астам сомада қолдау көрсетілді. Олар, сондай-ақ экспорттық саудалық қаржыландыруға 14,7 миллиард теңге және экспорт алдындағы қаржыландыруға 5 миллиард теңге көлемінде қолдау алды.

Тағы бір айта кетерлігі – тауарын шетелге экспорттағанмен өткізе алмаған кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілуде. Мұндай 204 экспорттаушының 1,6 миллиард теңге көлеміндегі шығындары өтелініпті. Экспорттық әлеуетті одан әрі дамыту үшін еркін сауда аймақтары кеңейтілуде. Қазақстан бүгінде Үндістан, Мысыр, Сингапур және Израиль елдерімен сауда әріптестігі жөнінде келісімдер жасасып жатыр.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - 2015 жылы Вьетнамға шикізаттық емес экспорт  9,5 млн АҚШ долларын құрады. 2017 жылы 272 миллион долларға дейін өсті. Өзгерістердің нәтижесінде экспорт кезінде құжаттар электронды түрде беріледі. Бұл ретте олардың саны 3-тен 1-ге дейін қысқартылды.

Қазақстандық экспорттың дені – бидай, ұн, май мен бұршақ тұқымдары болып отыр. Тиісті министрлікке 2022 жылға дейін шикізаттық емес экспортты 1,5 есеге ұлғайту міндеті жүктелген болатын.