Британиялық компаниялар Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына қызығулы

Британиялық компаниялар Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Бұдан бөлек олар ауылшаруашылық, тау-кен өндірісі салаларындағы жобаларды да тартымды деп есептейді. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін Лондонда өткен семинарда  «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы ұсынды. Шараға жетекші британиялық корпорациялардың және Біріккен Корольдіктің мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

САПАРБЕК ТҰЯҚБАЕВ, «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Ирландиялық ет өңдеу кәсіпорны қызығушылық танытып отыр. Бұдан басқа металлургия, денсаулық сақтау, информациялық-ақпараттық технологиялар және білім салаларында мемлекеттік жеке әріптестік бойынша бірнеше жобаларды талқылай бастадық.

Шараға қатысушыларға Қазақстанда бизнес жасаудың мүмкіндіктері, заңнамалық қолдау және бәсекелестіктегі артықшылықтары туралы толық мағлұмат берілді. Ұлыбританиялық билік өкілдері және әлеуетті кәсіпкерлер болса қос тарапқа да тиімді әріптестікті жүргізуге мүмкіндіктер мол екендігін  айта келе Қазақстанның инвестициялық ашықтығына тоқталды. Әсіресе білім беру саласына қызығушылық жоғары.

БАРОНЕССА ЭММА НИКОЛСОН, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША САУДА ӨКІЛІ:

 - Мен Қазақстанның ұсынып отырған үлкен мүмкіндіктеріне тәнтімін. Елдеріміздің барлық салада әріптестік орнатуға мүмкіндігі бар. Оның ішінде білім беру сияқты маңызды саланы нығайту ісі де бар. Сапалы жоғары білімсіз жастар алысқа бара алмайтыны рас.

МЕТЬЮ АНДЕРСОН, TVET UK АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

-  ҚР Білім министрлігі және Ұлыбританиядағы елшілігіңізбен білім беру бағдарламаларыңызға ірі қаржы тарту туралы сөйлестік. Техникалық білім беру жайлы бірнеше бастама көтеріліп, жақсы идеялар айтылды. Өз жағымыздан оларды қаржыландырып, жүзеге асыратынымызға сенімдімін.

Қазақстандық делегация сапары барысында британиялық әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесу өткен. Осы басқосуларда еліміздегі бірлескен жобаларды жүзеге асырудың келешегі талқыланды.