Астана экономикалық форумы бүгінгі күннің қауіп-қатерлерін еңсерудің жолдарын іздейді. Сол себепті биылдан әлемдік деңгейдегі сараптамалық алаңның форматы өзгерді. АЭФ адамзаттың болашағын баянды, келешегін кемелді ете түсудің жолдарын қарастырады. Осы мақсатта биыл форум Global challenges summit атанып отыр. Алқалы басқосу аясындағы кездесулердің форматы өзгерді. Егер де бұрын дәстүрлі панельдік сессиялар өткізілсе, енді оларды TED talks, инновациялық таныстырылымдар, воркшоптар, нарықтың дамуын болжауға қабілетті сарапшылар – визионерлердің баяндамалары толықтыратын болады. сондай-ақ, АЭФ шеңберінде жастарға арнайы бағдарлама қарастырылған. Елордадағы озық жоғары оқу орындарының базасында танымал экономистер дәріс оқиды. Алдағы шараның маңыздылығы туралы жергілікті сарапшылар да айтып отыр. 

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

 - Жаһандық экономикалық үрдістер Қазақстанға және жалпы Орталық Азия аймағына әсер етіп отырғаны анық. Сондықтан біз бүгінгі күннің қауіп-қатерлеріне жауап іздеуге тиіспіз. Экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыру басты назарда. Одан өзге, урбанизация. Бұл да күрделі мәселе. Еуропа елдерінде ол  XIX-XX ғасырларда туындады. Ал олардағы қазіргі проблема – Африка мен Таяу Шығыстан келетін мигранттар.

Сондай-ақ, Астана экономикалық форумы шеңберінде Қазақстанға бөлек стратегиялық сессия арналады. Сарапшылардың айтуынша, форумның күн тәртібін кеңейту ұлттық даму стратегиясын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

ТИМУР СУЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Егер бұрын форумда айтылған ұсыныстар негізінен экономикалық саясатқа, қаржы саясатына қатысты болса, қазір келген сарапшылар бізге адами капиталды дамыту, технологияларды дамыту, ресурстарды сақтау салаларында ұлттық саясат қалыптастыруға көмектеседі деп ойлаймыз.  Міне, биылғы форумның ерекшелігі осында.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер