Қазақстан: Цифрлық трансформация

Астанада халықаралық сарапшылар цифрлық трансформацияның мүмкіндіктерін талқылады. Олардың айтуынша, экономиканы цифрландыру қазақстандық кәсіпорындарға «Индустрия 4.0»-ге тезірек өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тауарды сату аумағын кеңейтуге жол ашады. Қазіргі таңда цифрландыру «ауқымды мәліметтермен», «ұлттық» технологиялармен және жасанды интеллектпен жұмыс жасау дегенді білдіреді. Нақты өндіріс кезінде жаңа технологиялар жұмыс процесін тиімді басқарып қана қоймай, шығындар мен тәуекелді азайтпақ. Мәселен, Қазақстан үшін маңызды экономика саласының бірі – мұнай-газ индустриясы цифрландыруды аса қажет етеді, дейді сарапшылар.

ПОЛ ЛИМПЕТЛОУ,  SIEMENS КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨНЕРКӘСІПТІК САТУДЫ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз мұнай-газ индустриясын цифрландырудың зор мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Цифрландырудың арқасында ұңғымаларды макмималды қуаттылығына шығарып, оларды әлдеқайда тиімді пайдалануға болады. Бұдан бөлек, цифрландыру барлау жұмыстары, өлшеу мен мұнай-газ саласының жалпы жұмыс процесіне көмек болмақ.