Kazakh TV: «Астана» ХҚО жұмысы жайлы тұңғыш тележоба көрерменге жол тартты

Kazakh TV: «Астана» ХҚО жұмысы жайлы тұңғыш тележоба көрерменге жол тартты

«Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы жайлы тұңғыш тележоба көрерменге жол тартты. «Kazakh TV» арнасының көрермендері хаб қызметімен жақынырақ таныса алатын болады. Активтерді басқару, ислам қаржыландыруы, финтех және жасыл қаржы. Бір сөзбен, бағдарлама хаб жұмысының барлық бағыттарын қамтиды. Жобаның алғашқы шығарылымы – қаржы орталығы, оның құрылымы мен міндеті жайлы. Орталықтың даму стратегиясы қандай? Жетекші аймақтық және жаһандық алаңға айналу үшін Хаб қандай қадамдар жасау керек? Мұның бәріне жоба авторлары жауап іздейтін болады.

СЕРГЕЙ СЕЛИЩЕВ, ЖОБА ПРОДЮСЕРІ:

 - Брифинг барысында Қайрат Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы жайлы жариялаған болатын. Сол кезде біз командамен осындай жобаны қолға алуды жөн көрдік. Бұл бағдарлама негізінен әлеуетті инвесторларға арналған. Өйткені біздің еліміз жайлы, инвесторларға жасалатын жеңілдіктер жайлы ақпарат береді.

Халықаралық қаржы орталығы жайлы мұндай жоба отандық экономикамен қатар аймақтың дамуына сеп болады, - дейді бағдарлама авторлары. Сондықтан қаржы орталығы жайлы ақпарат барынша толық болуы керек. Жоба командасында нағыз кәсіпқойлар. Олар – экономикалық білімдері бар журналистер.

СЕРГЕЙ СЕЛИЩЕВ, ЖОБА ПРОДЮСЕРІ:

 - Біз экономика саласында бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп келеміз. Бұған қоса, бізге «Астана» халықаралық қаржы орталығындағылар да қолдау көрсетеді. 15 бағдарлама барысында хабтың жұмысына тоқталатын боламыз. Ал орталық толықтай жұмысқа кіріскен кезде, әрине,  көрермендерді оның қызметінің жүзеге асу барысынан хабардар етеміз. 

«KazakhTV» арнасындағы ерекше тележоба бірден 4 тілде шығарылмақ. 15 минут бойы журналистер халықаралық қаржы орталығы жайлы өзекті әрі қызықты ақпаратпен бөлісетін болады.