АХҚО: Кәсіпкерлікті жетілдіру бағдарламасы

«Астана» халықаралық қаржы орталығы әлем бойынша стартап жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын болады. Орталық бизнесті жетілдіріп, іске асуын жеделдететін бағдарламаны іске қосты. Электронды сауда саласындағы QR-төлем жүйелері, мобильді әмиян сынды қанатқақты бастамалар енді қаржы орталығының қолдауын таппақ. Бұл жерде үздік жоба авторлары, өнертабыс иелері халықаралық деңгейдегі шетелдің жетекші бизнес майталмандарынан кәсіп жүргізудің табыс кілті бойынша кеңестерін тыңдап,  потенциалды инвесторлармен жүзбе-жүз танысып, кездесе алады. Аталмыш бастама өзінің алғашқы жемісін беріп үлгерді. АХҚО-на әлемнің 33 елінен 144 жоба келіп түскен. 2 айлық іріктеудің нәтижесінде Нигерия, Украина Грузия, Ресей және Қазақстаннан 10 жоба үздік деп танылды.

ӘСЕЛ ЖИЕНБАЕВА, АХҚО ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ:

 - 6 орын жергілікті жобаларға берілсе, қалған 4 халықаралық бастамалардың үлесінде. Бұл қазақстандық стартаперлердің халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін шетелдік жобаларды кірістірдік. Олар өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін арттыруы керек. Бірлескен жобаларды жүзеге асырудың да әлеуеті өседі.