Қазақстан мен Әзербайжан тауар айналымын арттыруда. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана бұл көрсеткіш екі есе артты. Тасымалданған тауар 48 миллион доллардан асқан. Cалыстырар болсақ, 2017 жылғы көрсеткіш 17,5 миллион болған. Осылайша біздің еліміз Әзербайжанның 15 ауқымды экспорттаушылары қатарына енді. Сарапшылардың пікірінше, бұған өткен жылы мұнай секторында және көлік-логистика саласында қол жеткізілген стратегиялық келісімдер сеп болған.

ВУГАР БАЙРАМОВ, ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Менің ойымша, бұл көрсеткіш алдағы уақытта да арта береді. Екі ел арасындағы импортта да, экспортта да басымдық мұнай тауарларының үлесінде болады ойлаймын. Әзербайжандық Алят Ro-ro кемежайында іске қосылатын терминал тауарларды тасымалдау көлемін арттырмақ. Бұл кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Яғни халықаралық жүк тасымалы еселеніп, кіріс көзін артады.

Сарапшылардың пікірінше, тауар айналымының артуы көліктік-логистикалық саладағы байланыстарды нығайтумен тікелей байланысты. Бұған қоса, екі елде де жүзеге асырылатын экономикалық реформалар шикізаттық емес сектордағы қатынастарды әртараптандыруға мүмкіндік береді.

ЭЛЬХАН АЛЕСКЕРОВ, BAKU NETWORK САРАПТАМАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Өздеріңіз білетіндей, Әзербайжан Қазақстаннан астық, түрлі өнеркәсіптік  өнім түрлерін импорттайды. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерін, мұнай жабдықтарының кейбір үлгілерін экспорттайды. Менің ойымша, болашақта машина жасау кешені, ауыл шаруашылығы қарқынды дами түседі. Әрине туризм мәселесі өзекті болып тұр. Каспий жағалауы елдері арасында круиз жасау туралы мәселе туристік байланыстарды арттырары сөзсіз.

2018 жылдың алғашқы айларынан бері Қазақстаннан Әзербайжанға астық экспорты айтарлықтай еселеніп келеді. Тамақ өнеркәсібіндегі экспорттық-импорттық әлеуетті күшейту – алдағы межеде тұр. Айтпақшы, үкіметаралық комиссияның шешімі бойынша тараптар екі жақты саудадағы жаңа бағыттарды дамытуды жалғастыруды көздейді – бұл стратегиялық міндеттер өткен жылдың соңында қабылданған Жол картасында көрініс табатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер