Қазақстан мен Ресей мемлекеттік аудит саласында ынтымақтастықты кеңейтпек. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі еліміздің Есеп комитеті мен Ресейлік Есеп палатасы осы ретте өзара келісімге келді. Екі елдің алдында тұрған міндет ұқсас. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын тексеріп, бюджет шығындарын оңтайландыру. Әрі мемлекеттік органдардың жұмысының тиімділігін бағалау. Қазақстандық тарап ресейлік әріптестеріне бақылау-талдау шараларын өткізу бойынша тәжірибе алмасуды ұсынды.

НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА, ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Ресейлік тарап бұл жұмысқа дайын екендігін жеткізді. Алдағы айда біз айналысатын ісімізді нақтылаймыз. Сараптамалық шаралар немесе аудит жүргіземіз. Бұл ірі мемлекетаралық жобалар, оған қыруар қаражат бөлінген. Сондықтан бұл ресурстардың тиімді жұмсалуын  қадағалау Қазақстан мен Ресей үшін өте маңызды.

Мұндай шаралардың маңыздылығын Ресей есеп палатасының төрайымы да тілге тиек етті. Татьяна Голикованың айтуынша, бірлесіп жұмыс атқару арқылы мемлекетаралық жобаларды кең көлемде қамтуға болады.

ТАТЬЯНА ГОЛИКОВА, РЕСЕЙ ЕСЕП ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Біз энергетика, әскери-техникалық әріптестік  және ғарыш кеңістігін игеру сынды салаларда бірлесе жұмыс атқарамыз. Бастысы біздің органдар арасында осыдан 1 жыл бұрын қол қойылған келісімдерді іске асыруға ниеттестігімізді растадық.

Тараптар білім саласындағы әріптестікті жандандыруға да ниетті. Ол үшін мамандарды оқытып, біліктілігін арттыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек, экономикалық талдау, электронды аудит және IТ-технология саласында да серіктестікті нығайтуға мүдделі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер