Қазақстан cыртқы нарықтарға ет экспортының көлемін ұлғайтты

Қазақстан cыртқы нарықтарға ет экспортының көлемін ұлғайтты. Халықаралық стандарттарға сай келетін, экологиялық таза қазақстандық өнімдерге шетелдік тұтынушылардың сұранысы жоғары. Өткен жылы бір Батыс Қазақстан облысының өзі 1700 тоннадан аса сиыр және 500 тоннадан аса қой етін экспорттаған. Өңірдегі ет комбинаттары ең озық технологиялармен жабдықталған. Мұнда өнімді өңдеу үрдістері талапқа сәйкес жүргізіледі. Бұған көз жеткізген Иран батысқазақстандық өндірушілермен салқындатылған ет жеткізу туралы келісімдерге қол қойды.

РАХИМ НАГМЕТОВ, ЕТ ӨҢДЕУ КӘСІПОРЫНЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Өткен жылы біз 350 тонна мұздатылған қой етін Иран Республикасына экспорттадық. Малды союдан бастап, етін жөнелтуге дейінгі жұмыстардың барлығын мамандар қадағалайды, бәрі халал талабына сай.

Иранмен арада жасалған келісімшарттың мерзімі ұзартылып, осы жылға жеткізілімдер жоспары құрылды. Бұл кәсіпорынға қытайлық мамандар да келіп,  өнім өңдеу жұмыстарының халықаралық сапа стандарттарына сайлығын тексеріп, оң баға берген.

САТҚАН ӨМІРЗАҚОВ – ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

 - Мүйізді ірі қара еті 590 тонна осы үш айдың ішінде экспортталды. Соның ішінде экспортталған 423 тонна Армения мемлекетіне, 55 тонна Ресей мемлекетіне және 112 тонна ет өнімдері консерві түрінде Қырғызстан,Тәжікстан мемлекеттеріне экспортталды. Сондай-ақ қой еті ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 143 тонна экспортталды. Соның ішінде 108 тоннасы Иран еліне.

Агроэкспорт көлемін арттыру – Елбасы жолдауында қойылған міндеттердің бірі. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысының әлеуеті жетерлік. Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде өңірде 500 мың бас ірі қара бар, ал қой саны бір миллионнан асады. Аймақтағы ет комбинаттарын заманға сай жаңғырту жұмыстары да жалғасын табады.