Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі – көлік-транзиттік әлеуетті дамыту. Брюссельде кедендік ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің II отырысында айтылғандай, транзиттік мүмкіндіктер экономиканы тиімді әртараптандыруға оң ықпал етеді. Сондай-ақ кездесу барысында кеден заңнамасындағы өзгерістер, кеден ісі саласындағы реформалар, Қазақстан мен Еуроодақта уәкілетті экономикалық операторлар институтын дамыту бағдарламасы талқыланды. Мысалы, Еуроодақ елдерінде бірыңғай транзиттік жүйе енгізілген. Сонымен қатар еуропалық тарап «Ақылды және қауіпсіз сауда дәлізі» пилоттық жобасына Қазақстанның қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді. Атап өтерлігі, аталған бағдарлама оған қатысушылардың транзиттік және көлік әлеуетін күшейтуге арналған. Осы сапар барысында Қазақстан Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің өкілдері Еурокомиссияның алаяқтықпен күрес жөніндегі бюросымен өзара ақпарат алмасты.

ҒОСМАН АМРИН ҚР ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІС КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қытай мен Еуроодақ арасындағы сауда-саттық жобасына қосылу мәселесі сөз болды. Теміржол арқылы тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Олар бізді еуропалық транзиттің жаңа жүйесімен таныстырды. Біз осы жүйеге қосылу мәселесін талқылап, қалай қолдану керектігін ақылдастық. Ендігі кездесулерден кейін жүйелеп, бір шешімге келеміз.

САБИНА ХЕНЦЛЕР, ЕУРОКОМИССИЯНЫҢ САЛЫҚ ЖӘНЕ КЕДЕНДІК ОДАҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстан – біз үшін маңызды әріптес әрі аймақтағы ең ірі мемлекет. Бұл кездесу алдағы қарым-қатынасымыздың дамуына үлкен мүмкіндік ашады. Бізде кедендік рәсімдеуді жетілдіруге қатысты бірнеше жобалар бар. Транзиттік тауарлардың мәселесін шешу жөніндегі кедендік ынтымақтастықты арттыруды да қарастырамыз. Себебі қазір Қазақстан мен Еуроодақтың тауар экспорттаушылары кедергілерге тап болып жүр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер