Оңтүстіккореялық инвесторлар Қазақстан экономикасына қаржы құяға әзір

Оңтүстіккореялық инвесторлар Қазақстан экономикасының логистика, жоғары технологиялар, ауыл шаруашылығы секілді салаларына қаржы құюға ниетті. Бұл туралы Сеулде өткен инвестапталықта мәлім болды. Онда Оңтүстік Кореяның ірі логистикалық корпорациясымен Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейтетін келісімге қол қойылды. Қос тарап Қытайдың Ляньюньган портындағы қазақстандық терминалдың мүмкіндіктерін бірлесе пайдалануға уағдаласты.

ЛИ ЁН ХО, PANTOS LOGISTICS КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Ляньюнган портындағы қазақстандық терминал арқылы Оңтүстік Кореядан жүзге жуық контейнер тасымалдаймыз. Ол негізінен электроника, тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналар және компьютерлер. Бұл компанияларға жеткізу жылдамдығы маңызды болғандықтан, тауарларын теңізбен емес темір жол арқылы тасымалдауға ниетті.

Оңтүстіккореялық компаниялар Қазақстанның транзиттік әлеуетінен басқа, өзге салаларына да қызығушылық  білдіріп  отыр.

АН ДЖЕ ХЮН, КОРПОРАЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазір біз Алматының үлкен айналма жолының құрылысына қатысып жатырмыз. Дегенмен, біздің дәстүрлі сала мұнай-химия, мұнай, газ және энергетика болып саналады.

Кейбір компаниялардың басшылары екі жақты келіссөздер барысында өз құрылғыларын таныстырып та үлгерді. 

ЛИ СОН ДЖОН, КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мен Қазақстанда болғанда, байланысы жоқ аудандарды көрдім. Мына қолжетімді чип бар-жоғы 8 доллар тұрады. 50 шақырым жерге дейін байланысты үзбей ұстап тұруға қауқарлы. Менің ойымша кішігірім елді-мекендерде осындай чипі бар пунктер іске қосылса, халық үшін пайдалы болары сөзсіз. 

АРЫСТАН ҚАБЫКЕНОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Өндірістік процестер, әсіресе кен ошағы, шахта және басқа да өнеркәсіптік нысандарды цифрландыру керек. Яғни сіздің шешіміңіз осы технологияларды пайдалануға мүмкіндік бермек.

Атап өтейік, Оңтүстік Кореяның өкілдері жүйелі жұмыс жүргізу үшін арнайы Қазақстанға шақырылды. Кәсіпкерлер мамырға жоспарланған Астана экономикалық форумына қатысады. Ал жер қойнауын пайдаланушылар маусым айында өтетін Дүниежүзілік тау-кен конгресінде ортақ келісімдерге келуге мүдделі.