Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы тауар айналымы 25 жылда 150 есеге артты. Қос тарап 2017 жылы 1 млрд 700 млн доллар көлемінде өзара сауда-саттық жасаған. Қазақстан – Корея Республикасының дипломатиялық қатынас орнатқан Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. 2009 жылдан бері екіжақты қарым-қатынас стратегиялық әріптестікке көшті. Мемлекеттер алда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, цифрландыру және индустрия 4.0 салаларында ынтымақтастықты нығайта түспек.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Қазақстан Республикасы Шығыс Азиядағы негізгі стратегиялық әріптестердің бірі болып табылатын Корея республикасымен ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға ерекше мән береді. 2016 жылдың қараша айында Президент Н. Ә. Назарбаевтың Сеулге жасалған сапары ынтымақтастықтың жаңа беттерін ашқан болатын.

КАН ХЕН ГВА, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Біз табиғи ресурстар және энергетика саласында әріптестікті нығайта түсу керек деген ойдамыз. Қазақстанмен бірге төртінші индустриялық төңкеріс міндеттерін орындауға ден қоймақпыз. Осының арқасында екі елдің қарқынды дамуына жағдай жасамақпыз.

Осы уақытқа дейін Корея Қазақстан экономикасына 10 млрд доллар көлемінде инвестиция бағыттаған. Тараптар бұл көрсеткішті еселеп арттыруға мүдделі. Осы мақсатта Сеулде Қазақстанның инвестициялық апталығы ұйымдастырылды. Елімізден барған делегация оңтүстіккореялық «Ист Кост» еркін экономикалық аймағының өкілдерімен кездесті. Бұл аймақ мамандары екіжақты ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасуға ниет танытты. Мысалы, консалтингтік қызметтер көрсету үшін Оңтүстік Корея үкіметінің есебінен екі сарапшыны Қазақстанға жіберуді жоспарлап отыр.

ХАН САН ВОН, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ МИНЕРАЛДЫҚ РЕСУРСТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстанда жұмыс істейтін кейбір кореялық компаниялар кадр мәселесі, салық және кедендік рәсімдеуге байланысты туындаған қиындықтықтарды айтқан болатын. Бірақ қазір Қазақ елінде жаһандық стандарттарды енгізу арқылы үлкен өзгерістер болып жатыр.

Кездесуде қазақстандық тарап шетелдік инвесторларға жасалған жеңілдіктер туралы әңгімелеп, олардың мүддесін қорғау мақсатында елімізде «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы құрылғанын және  инвестициялық омбудсмен жұмыс істейтінін айтты.

АРЫСТАН ҚАБІКЕНОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Барлық шетелдік елшіліктер мен Қазақстандағы инвесторларды жинап, «Егер қандай да бір қиындық туындаса, инвестициялық омбудсменнің көмегіне жүгініп, кез-келген мәселені шешуге атсалысамыз деп түсіндірдік.

Бүгінде елімізде оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 500-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қос тарап инфрақұрылым және логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түспек. Жақында іске асырыла бастайтын Алматы үлкен айналма жолының құрылысы жобасына кореялық компаниялар да қатысатынын атап өту керек.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер