Шетелдік бизнес «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте Қытай компаниялары шетте қалмақ емес. Аспан асты елінің қаржы институттары Қазақстан қор биржасы мен Астана қаржы орталығын дамытуға үлес қоспақ ниетте. Олар бұл туралы орталық басқарушысы Қайрат Келімбетовпен Бейжің, Шанхай, Боаода өткен кездесулерде айтты. Қазір Шанхай қор биржасы Астана орталығының негізгі серіктесінің бірі. Ол 25 % үлесті иеленіп отыр. Тағы бір ірі акционер – америкалық Nasdaq компаниясы.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, АХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Біз Азиядан соның ішінде Қытайдан қаржы институттарының келгенін өте жақсы қабылдаймыз. Оларға әлемдік үздік тәжірибеге сүйене отырып жағдай жасағымыз келеді. Әлемде Қытай инвестициясы үшін талас жүріп жатыр. Еуропалық елдер, Латын Америкасының елдері және тағы да басқа мемлекеттер осы инвестицияны өздеріне тарту үшін бәсекеге түсіп жатыр.

Сондай-ақ Қайрат Келімбетов Астана халықаралық қаржы орталығының ашылуына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатырғанын тілге тиек етті. Орталық шілде айында ресми түрде ашылады. Мерекелік іс-шара «Astana Finance Days» деген атаумен инвестициялық саммитінен кейін өтеді. Оған 2 мыңға жуық делегат келеді.

Қазіргі таңда қаржы орталығы орналасатын ЭКСПО қалашығының аумағында қайта құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңғырту шараларынан кейін орталыққа 80 мың шаршы метрден аса аумақ бөлінеді. «Астана ЭКСПО» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Владимир Лютовтың айтуынша, кешеннің барлық ғимараттары БРИАМ экологиялық тиімді бағалау әдісі бойынша сертификатталмақ. Бұл – британиялық стандарт. Ол ғимараттардың экологиялық тиімділігін басты назарға алатын жасыл стандарт. Павильонда Астана Халықаралық қаржы орталығымен бірге резидент компаниялардың кеңселері, соттар мен қор биржалары орналасатын болады.

ВЛАДИМИР ЛЮТОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл павильондардың кәдеге жарайтын алаңы қайта жөндеу жұмыстарын жүргізбей тұрғанда 52 мың шаршы метрді алып жатты. Қайта жаңғыртудан соң 86 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Сіздер көріп отырғаныңыздай, біз мұнда қосымша қабаттар қостық. ЭКСПО нысандарын жобаламас бұрын көрмеден кейін ғимараттарды дұрыс пайдалануды басты назарда ұстадық, қосымша жүктемені ескерген болатынбыз.

«Астана» ХҚО Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының өзегіне айналуға бағдарланған. Әлемдік стандарттарға негізделген орталықтың ең басты қызметі бір мемлекеттің дамуына ғана емес, жалпы Орталық Азия аймағына қосымша капитал тартуға сеп болады. Бұдан бөлек, «Астана» қаржы орталығы өңір үшін әлеуеті жоғары бағыттарды дамытатын болады. Атап айтар болсақ, оларға «ФинТех», исламдық және «жасыл» қаржыландыру жатады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер