Маңғыстау облысында қандай жобаларға шетелдік инвестициялар құйылды? - Kazakh TV

Инвестиция өңірлерді өркендетеді. Осыны қаперге алған жергілікті билік инвестор тарту бағытындағы жұмысты жандандыра түскен. Осындай шаралардың нәтижесінде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында ұңғымадағы сорғы қондырғысын бөлшектерін шығаратын цех іске қосылды. Жобаға шетелдік инвестор 5 миллион доллар жұмсаған. Мұнда жылына мың дана қосалқы бөлшектер дайындалады. Бүгінде облыс инновациялық-индустриялық дамудың даңғыл жолында тұр. Мұнда тек мұнай-газ өндіру ғана емес, сервистік қызметтерді іске асыруда қолға алынған. Аталмыш цех түгелдей заманауи технологиялармен жабдықталған.

МҰХАМЕД РАЗИЕВ, ИНВЕСТОР:

- Біз Қазақстан нарығы үшін сапасы халықаралық талаптарға сай мұнай сораптарын жасай бастадық. Ішкі сұранысты өтеуден бөлек отандық тауар Каспий аймағы мен Таяу Шығыс елдеріне жөнелтіледі. Заманауи үлгідегі сорапты қондырғы бөлшектері мұнай-газ кеніштерін, әсіресе сарқылуға айналған табиғи ресурстарды игеруде тиімділігін іс жүзінде көрсетіп келеді.

Өңірде тоқыма өндірісін дамытуға да ден қойылмақ. Ашылатын зауыт Үндістан инвесторларының қаржысына салынады. Жоспарда белгіленгендей кәсіпорын күніне 80 тонна жіп иіріп, 60 мың метр мата тоқитын болады. Мақтадан матаның бірнеше түрін өндіретін кәсіпорынның өнімдері экспортқа шығарылады. Құрылыс аяқталған соң 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, биыл Ақтаудағы индустриялық алаңда бұдан өзге тағы 3 бірдей өндіріс ошағының іргетасы қаланады. Феррохром мен болат қорыту зауыттары мен газтурбиналық станция салынады. Жалпы құны 360 миллиард теңге тұратын 4 жобаның барлығы шетелдік инвесторлардың қаржысына жүзеге асырылмақ.

ЛЕСБЕК ІЛЕБАЕВ, «КАСПИЙ» ӘКК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

- Құрылыс биылғы жылға жоспарланып отыр. Ал 2019 жылы оларды іске қосамыз деген ойдамыз. Қазір құрылыс кезінде мыңнан аса жұмыс орны болады. Ал, жобалардың барлығы іске қосылғаннан кейін 850-900 жұмыс орындай ашылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер