Украинаға газ экспорты артты

Қазақстандық көгілдір отынның Украинаға экспорты артты. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 36 мың тонна газ жөнелтіліп, тасымал көлемі 30 пайызға ұлғайған. Бұл соңғы сегіз жылдағы үлкен көрсеткіш. Халықаралық «ЭКСПРО» сараптамалық компаниясы қазақ газының сапасы жоғары әрі еуропалық талаптарды еңсеретінін жеткізді.

ИВАН КУДИНОВ, МҰНАЙ ӨНІМДЕРІ НАРЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

- 2010 жылдан бері Украинаға қазақстандық сұйытылған газ мол мөлшерде жеткізілген. Біздің есебіміз бойынша, биыл да Қазақ елінен Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі әлі арта түспек. Қазақстандық мұнай компаниясы тасымалының арқасында 2017 жылы тамыз айында Украина газ нарығындағы үлкен дағдарысты еңсеріп, бағаның шарықтап кетпеуіне қол жеткізді.

Украинада сұйытылған газға сұраныс жоғары. Дәлірек айтар болсақ, автогазға деген қажеттілік тек бір айда 150 мың тоннаны құраған. Жыл соңына дейін пайыздық үлес арта түсуі әбден мүмкін.

ИВАН КУДИНОВ, МҰНАЙ ӨНІМДЕРІ НАРЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

- 2017 жылдың тамызында Украинада автогаз бағасы көтеріліп, мемлекет қазақстандық өндірушілерге иек артты. Қазіргі күні қазақ газы Украина нарығының 18 пайызын құрайды, ал жыл аяғына дейін Украина нарығындағы қазақстандық газдың үлесі 20%-ға жетуі мүмкін. Тиісінше, Қазақстан осы жылы 2010-2011 жылдардағы нарықты иеленбек.

Украина пропан бутанды автогаз ретінде тұтынатын әлемдегі ірі он мемлекеттің қатарына енеді. Ал қазақстандық өнімнің сапасы әрі өндірушілердің баға саясаты жергілікті трейдерлердің көңіліне қонымды болып тұр.