COSCO Shipping пен «Қазақстан Темір Жолы» инвестициялық келісімге қол жеткізді

Қазақстан мен Қытай «Қорғас шығыс қақпасы» көліктік- логистикалық хаб пен еркін сауда аймағын дамытуды жоспарлап отыр. Себебі дәл осы кедендік бақылау бекеті арқылы аспан асты елінен және кері бағытта транзиттік жүк тасымалының негізгі ағыны өтеді. Осы аралықта ірі транзиттік хабтың құрылуы Азия мен Еуропа құрлықтары арасындағы өзара алыс-берістің сапасын жетілдіре түсуге үлкен сеп болмақ. Боао форумында жетекші халықаралық COSCO Shipping корпорациясы мен «Қазақстан Темір Жолы» сәйкес инвестициялық келісімге қол жеткізді.

СЮЙ ЛИЖУН, COSCO SHIPPING КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

– Жасалған келісім қазақстандық «Нұрлы Жол» бағдарламасының «Бір белдеу, бір жол» қытайлық бастамасымен етене жұмыс жасап, бірлесе жүзеге асуына жол ашты. Қазіргі таңда біздің жоба қарқынды дамуда. Биыл өткен жылмен салыстырғанда біз жөнелтетін контейнерлердің саны 50 пайызға артатын болады.

ҚАНАТ АЛПЫСБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

-  «Қорғас шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы логистикалық торап болумен қатар индустриялық аймақ болып табылады. Осы арқылы біз бүгінде ҚХР инвестиция тартып жатырмыз. Биыл жыл бойы Қытайдың түрлі аудандарынан елі экономикасына құйылған қаржының артқанын байқайтын боламыз деп ойлаймын.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек Қытайдан Еуропаға жүретін поездардың 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Былтыр жүк айналымының жалпы көлемі 16 млн тоннаға жуықтаған. Қазақстан темір жолы 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 30 млн тоннаға жеткізбек. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 5 жылдық жұмысының нәтижесін ескерсек, аталмыш меженің нақты түрде жүзеге асатыны анық дейді, сала мамандары.

ҚАНАТ АЛПЫСБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Егер де статистикаға көз жүгіртсек, Қазақстан арқылы өтетін Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы транзиттік жүктің 200 есеге дейін артқанын байқаймыз.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы жүзеге асқалы Қытай Еуропаға 50-ден астам темір жол жүк бағытын іске қосты. Олар Қытайдың 25 шаһарын 29 әлем қалаларымен, 11 еуропа мемлекетімен байланыстырды. Логистикалық желіні жетілдіру аспан асты елінің кәріқұрлықпен сауда –саттық байланысының  көкжиегін кеңейте түсті.