Павлодарлық делегация Түмен облысының техникалық парктерін аралады

Павлодар облысы Ресейдің Түмен облысымен индустриялық аймақтарды дамыту бойынша тәжірибе алмаспақ. Ертіс өңірінің делегациясы ресейлік өңірге арнайы барып, жергілікті кәсіпорындар мен техникалық парктерді аралады. Жалпы, еліміз үшін Сібірдің қақпасы ашық. Бүгінде Түмен облысында инвестиция көлемі 1,5 триллион рубльден асатын 500 инвестициялық жобаны жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде мұнда 4 парк жұмыс істеп тұр. Соның бірі – 14 жоба қатысқан Түмен технопаркі. 

ОЛЬГА РОМАНЕЦ, ТҮМЕН ОБЛЫСЫ  «ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ АГЕНТТІГІНІҢ» БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Бізде өте қызық жобалар бар. Мәселен астық териминалының құрылысы, астықты тереңдетіп өңдеу, азық-түлікті жалпылама тарататын орталық. Бұл аймақаралық кооперацияларды құруға бағытталған  тиімді жобалар.

Келелі кездесуде екі жақ агроөнеркәсіп кешені, көліктік логистика, энергоресурс, инновациялық жобаларды бірлесіп атқаруды жоспарлады. Бүгінде Түмен облысындағы Антипинск мұнай-химия зауыты сол өңірдегі ең ірі жоба саналады. Бұл – қалдықсыз кәсіпорын. Олай деуге мұнайдың 98 пайызының тереңдетіліп өңделетіні негіз болады. Зауыт әзірге шағын көлемде дизель отынын Павлодарға да тасымалдай бастаған.

АНДРЕЙ ШАМШУРИН,  АНТИПИНСКІ МХЗ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

- Осы жылдың жазында құрылысты аяқтап, өнім көлемін арттырамыз. Ары қарай жағармай сатып алып жатқан кәсіпорындарға бензин сата бастаймыз.

Айта кетейік, Түмен облысы ірі агроөнеркәсіп кешенімен танымал. Бірақ табиғаты қатал Сібір өңірі  көкөністен тапшылық көреді. Павлодарда керісінше. Өнім мол. Өткізу қиын. Арзан қуат көздері жылыжай кешендерінің  еселеп өсуіне қолайлы жағдай туғызды.

БОЛАТ БАҚАУОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Бізде электр қуатының құны 2 рубль. Сондықтан қуат көздерін көп тұтынатын металлургиялық кәсіпорындарды өзімізге орналастыруға дайынбыз.

ВЛАДИМИР ЯКУШЕВ, ТҮМЕН  ОБЛЫСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ /РФ/:

- Біз үшін бұл өте тиімді ұсыныс. Тақырыпты өзара талқыға салып, инвесторларға жеткізетін боламыз. Қызығушылық болуы тиіс.

Бүгінде Павлодар мен Түмен арасындағы бірлескен сауданы кеңейтуге мүмкіндік мол. Кездесу қортындысына келсек, қос тараптың басшылығы өзара әріптестікті одан ары дамытуға келісті. Түмен жағы агроөнеркәсіптік кешенді және көліктік логистиканы дамытуға инвестиция саламыз десе, Павлодар тарапы арзан электрқуатымен көмір және Павлодарда өсірілетін көкөніс түрдерін жеткізуге шешім қабылдады.