2018 жылы Қазақстанда 298 жобаны іске қосу көзделуде - Kazakh TV

2018 жылы Қазақстанда 298 жобаны іске қосу көзделуде. Инвестициялар және даму министрлігіндегілер тартылған инвестициялардың жалпы сомасы 6,5 млрд доллар шамасында болады деп отыр. Жалпы ведомство ақпаратына сәйкес, осы  жылдың қаңтар-ақпан айларында негізгі капитал 54,5 пайызға артып, 1 трлн 200 млрд теңгені құраған. Тау-кен өндірісі, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында өсім байқалады.  Өз кезегінде сыртқы капитал салымдары 361 млрд теңгеге жетіп, 160 млрд теңгеге артты. Атырау, Қарағанды және Алматы өңірлері инвестициялық тартымдылығы жоғары аймақтардың көшін бастап тұр. Бұл өңірлерге бағытталған шетелдік салымдар көлемі арта түскен.

АРЫСТАН ҚАБЫКЕНОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Бірінші тоқсанда біз зауытттарды іске қоса бастадық. Алматыдағы қалдықтарды жоюға арналған зауыт алғашқысы болды.  Бұдан соң Атырау өңіріндегі ұн шығаратын  диірмен ашылды. Атырау өңірінде тауарлық бетон, тауар нысандары мен полипропилен пакеттерін шығаратын зауыт бой көтерді.

Былтыр Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы инвестициялар комитетінің қауымдастырылған мүшесі атанған болатын. Бұл елдің инвестициялық ахуалының жоғары стандарттарға сай екендігін дәлелдеп отыр. ЭЫДҰ-ның ұсынысы бойынша елімізге азаматтары визасыз кіре алатын мемлекеттердің тізімі кеңейтілді. Биылдан бастап мұндай елдердің саны 61-ге жетіп отыр.  Ал жыл соңына дейін Астана және Алматы қалаларының әуежайлары арқылы транзитпен өтетін Қытай тұрғындары да осы тізімге енгізілмек. Олар ел аумағында 72 сағат бойы визасыз бола алады. Үндістан азаматтары үшін де дәл осындай жүйе енгізу көзделуде.

АРЫСТАН ҚАБЫКЕНОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Халықаралық келісімдер жасау жұмысы жетілдіріліп отыр. Инвестицияларды өзара қорғау бойынша да келісім жасалған. Мемлекет басшысының БАӘ-не сапарының нәтижесінде екі ел үкіметтерінің арасында Инвестицияларды өзара қорғау бойынша келісім жасалды. Қазіргі таңда мұндай тағы 20 келісім қарастырылуда.

Тиісті ведомстводағылар биыл инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша бірқатар заңнамалық бастамалар қолға алынатын болады деп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер