Қазақстан Орталық Азиядағы іскерлік және оқиғалық туризм орталығына айналмақ

Қазақстан Орталық Азиядағы іскерлік және оқиғалық туризм орталығына айналуды көздейді. Қазіргі таңда еліміздің конгресс туризмі нысандарына қызығушылық артып отыр. Ресейдің MICE агенттіктері олармен танысу үшін Қазақстанға арнайы келді. Бір апта бойы Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы және Новосібір қалаларынан келген агенттік өкілдері  «Халық Арена», «Алматы Арена», «Атакент» көрме кешені,  «ЭКСПО-Астана» нысандары, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Барыс Арена», «Алау» сынды нысандарды аралады. Туристік нысандармен танысып қана қоймай, ұлттық тағамнан да дәм татты.

АЛЕНА ЭЙВЕЛ, MICE ДЕПАРТАМЕНТ ЖЕТЕКШІСІ /МӘСКЕУ/:

- Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Біз MICE шараларын ұйымдастырумен айналысамыз. Бұл мен үшін өте пайдалы сапар болды. Өйткені өзім үшін жаңа бағыт таптым. Мұнда біздің компанияның шараларын өткізуге арналған заманауи алаңдар жеткілікті.  Қазақстан таң қалдырды десем болады.

АННА ПИКУЛЬ, ШАРАЛАР МЕН ІСКЕРЛІК ТУРИЗМ АГЕНТТІГІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ /ОМБЫ/:

- Қазір бірқатар жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Оларды «Kazakh Tourism» компаниясына ұсынатын боламыз. Біз Омбы облысы, яғни шекаралас аймақ ретінде әріптестік орнатуға қызығушылық танытып отырмыз. Трансшекаралық турлар жасау бойынша да жоспарлар бар.

Ресейлік корпоративтік кездесулердің 60 пайызы шетелде өтетін көрінеді. Тиісінше, бұл бизнестің мамандары іскерлік кездесулер, конференциялар, көрмелер, ынталандыру және бизнес турлар өткізу үшін жаңа бағыттар мен лайықты орындар іздеуде. Осы ретте көршілес ортаазиялық мемлекеттердің ішінде Қазақстанның мүмкіндіктері мол деп отыр.

АҚБОТА ҚАЛИЕВА, «KAZAKH TOURISM» ҰК АҚ ӨКІЛІ:

- Ресей біз үшін бұл салада басты нарық болып отыр. Шет елдерде өткізілетін шараларды Қазақстанда ұйымдастыруға қажетті инфрақұрылымымыз бар. Сондықтан осы мүмкіндікті қалт жібермей, еліміздің MICE туризмдегі әлеуетін таныстыруды жөн көрдік.

MICE туризмнің әлемдегі айналымы 1 трлн АҚШ долларынан асады. Астана мен Алматы қалаларында түрлі іс-шараларды өткізуге болатын 45 000 шаршы метр мен қонақтардың жайғасуына арналған 5 жарым мыңнан астам қонақүй бөлмелері бар.