Көлік өнеркәсібінің дамуы

Қазақстанның көлік өнеркәсібінде өсім байқалады. 2017 жылы оның үлесі 39 пайызды құрады. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының өкілдері елде өндіріс көлемі өсіп қана қоймай, сату көрсеткіші де артты деп отыр. Елде сатылған әрбір үшінші темір тұлпарды отандық өндіруші шығарған. Жалпы қазақстандық көлік зауыттары 19 мыңнан астам техника өндіріпті. Бұл 2016 жылдың көрсеткішінен 3 есеге артық.

АНАР МАҚАШЕВА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АВТОБИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазіргі уақытта елдің экспорттық әлеуетінің артқандығын көріп отырмыз. 2017 жылы экспорт 4 есеге ұлғайды. Бұл қазақстандық нарық үшін айтарлықтай жоғары көрсеткіш деп айтуға болады. «Hyundai Trans Auto» және  «AllurGroup» компаниялары өнімдерін экспортқа бағыттайтын басты компаниялар. Қазіргі таңда Қазақстанның тұтыну нарығында тұрақты сұраныс байқалып отыр.

Мұнымен қоса, Қазақстанда машина жасау саласының жаңа бағыты дамуда. Осы жылдың соңында қостанайлық көлік зауытының базасында соңғы үлгідегі алғашқы электромобильдер шығарыла бастамақ. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы отандық көліктердің бәсекеге қабілеті күшейіп, экспортқа негізделуіне жол ашатын болады.

СЕРГЕЙ МОГИЛАТОВ, КӨЛІК ЗАУЫТЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қуаттылығымыз жылына 5000 көлік шығаруға жеткілікті. Әрине, алғашқы жылы мұндай көлемде шығармайтынымыз түсінікті. Біз бастапқыда 500 көлік өндірісін қолға аламыз деп жоспарлап отырмыз. Қытай тарапы электромобильдің басты бөлшегі – батареяларды жетілдіру бойынша жұмыстар атқарды. Қостанайда шығару үшін IS7 моделі таңдалынып отыр. Өйткені ол заманауи модель.

Электромобильдер  сұранысқа ие болуы үшін өндірушілер тарапынан  бірқатар жеңілдіктер қарастырылмақ. Қазіргі таңда барлық ұсыныстар Үкіметке жолданып отыр.