Жамбыл облысында алғаш рет жеміс-жидек бағытындағы агропарк құрылды - Kazakh TV

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында алғаш рет жеміс-жидек бағытындағы агропарк құрылды. Пилоттық жоба ретінде қарастырылған аумаққа қазір көшет отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді ауқымды бақтан экологиялық таза өнім алуға толық мүмкіндік бар. 

ӘЛТАИР ДОСЫМБЕКОВ, АГРОНОМ:

 - 650 гектар алма болады. 100 гектар шие ектік. 100 гектар жүзім болады. Қалғандары жаңғақтар.

Жоба құны 26 миллиард теңге. Кей жеміс ағаштары келер жылы-ақ  жемісін бере бастайды екен. Келешекте жемістерді өңдейтін зауыт салынып, арнайы қоймалар тұрғызылмақ.

ӘЛТАИР ДОСЫМБЕКОВ, АГРОНОМ:

- Бағаны ұстап тұру үшін, сондай-ақ өзіміздің өнім халыққа қолжетімді болу үшін қоймалар керек. Өйткені өнім көктем, жазға дейін сақталыну керек. Мынау алма. Ал мына шиені біз қайта егеміз, одан сусын дайындаймыз. Кейін барлығын тоңазытып қоямыз.

Жуырда ғана Польшадан алманың 8 түрлі көшеті жеткізіліп, отырғызу жұмыстары басталады. Бұл тұқымдардың ерекшелігі гектарынан 50 тоннаға дейін өнім береді. Ал оларды күтіп-баптайтын мамандар шетелге арнайы оқу курстарына жіберіліпті.

ЕРҒАЗЫ ЕСПЕНОВ, ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Жоба толық жүзеге асырылған кезде ауданның 1500-ге жуық жұмыссыздары жұмыспен қамтылатын болады. Жоба 2019 жылы аяқталуға тиіс. 2018 жылы барлық алқапқа тамшылатып суару қондырғыларын орнататын болады. 

Жобаның 10 пайыз жұмысы бітіп тұр. Мамандар пікіріне сүйенсек, биылғы маусымда барлығы 300 гектар ағаш отырғызылмақ. 2021 жылға қарай оның көлемін 1,5 мың гектарға жеткізіп, 2,5 миллион түп ағаш көшетін отырғызу жоспарда. Айта кету керек, агропарк 5 жылдан кейін толық қуатта жұмыс істейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер