Қытай-Қазақстан: «Бір белдеу, бір жол» жобасы

Қазақстан мен Қытай өзара әріптестікті тереңдете түспек. «Нұрлы жол» мен «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының бірлесуімен екі ел арасындағы экономикалық әлеует артып келеді. Қос бағдарламаның өзара әрекеттесуі тек екі елге ғана емес, бүкіл аймаққа оң әсерін тигізіп жатыр. Сөзімізге дәйек, Қазақстан арқылы Еуропаға және алыс-жақын елдерге жүк ағыны ұлғайды. Бұл өз кезегінде тауар айналымы мен экспорттық әлеуетті арттырады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қытайлық бастама барлық елдер үшін пайдалы. Айта кетейік, аталмыш жобаға тағы 66 ел мен аймақ қосылуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Қазақстан мен Қытай өзара ынтымақтастықтың жаңа дәуірінде» деп аталатын кездесуде айтылды. Келелі отырыста Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы да талқыланды.

ХАН ЛУ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның 2018 жылғы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасын ерекше атап өткім келеді. Ол Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің «Жаңа ерекшеліктегі социализм» атты баяндамасына ұқсас. Қос бағдарлама да елді дамытуға, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға арналған.

Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында «Жібек Жолы Халықаралық Ғылым академиясы» құрылады. Бұл туралы өткен жылдың мамыр айында Нұрсұлтан Назарбаев Бейжің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі форумында айтқан болатын. Жобаның жүзеге асырылуы үшін Қазақстан, Қытай, Ресей және өзге де 30 елден ғалымдар қатысады. Атап өтерлігі, биыл шілдеде Астанада «Ғаламдық Жібек жолы» форумы өтіп, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала әкімдерінің басқосуы болады. Бұл шара «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 5 жылдығы мен Астананың 20 жылдығына орайластырылмақ.

СЕРІК НӨГЕРБЕКОВ, G-GLOBAL ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұл бастама осы жобаларды іске асыру және болашақта халықаралық қор құру үшін жасалып отыр. Себебі жалғыз өзіміз оны жүзеге асыра алмаймыз. Ол үшін Жібек жолындағы мемлекеттердің басын қосу керек. Бұл жоба туралы мен айтқаннан кейін Қытай сарапшылары өте көп сұрақ берді.