ЕАЭО және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы

Еуразиялық бестік елдері «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде Қытаймен сауда-экономикалық ықпалдастық аясын кеңейтуде. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисянның пікірінше, осы ретте Одақ пен Халық Республикасы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланған. Аталған құжат бойынша келіссөз үдерісі аяқталып, бүгінде мемлекетішілік келісу процедуралары ғана қалған. «Қазіргі уақытта Қытай әлемдік экономикалық дамудың драйвері болып отыр. Сол себепті Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері аспан асты елімен байланыстарды тереңдетуге мүдделі», - дейді Тигран Саркисян.

ТИГРАН САРКИСЯН, ЕЭК АЛҚА ТӨРАҒАСЫ:

 - 2017 жыл табысты болды. Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі 12 айда 30 пайыздан артық өсті. Бұл – 100 миллиард доллардан астам сомма. Бір жылда 30 пайыздан аса өсім көрсеткіші биылғы жылы осы қарқынды еселеуге қолайлы жағдай жасап отыр. Біз үшін экспортты 40 пайызға өсіру өте маңызды.

Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың машина жасау мен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы жемісті болмақ, дейді Тигран Саркисян. Бірлестікке мүше барлық бес мемлекет бүгінде ауыл шаруашылық әлеуетін арттыруға ден қойған. Мысалы, Қазақстан Республикасына бидай жеткізілімдерін арттырса, Беларусь ет-сүт өнімдерін көптеп жөнелтуде. Атап өтерлігі, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай арасында кедендік ақпарат алмасу бойынша келісім әзірленіп жатыр.

ТИГРАН САРКИСЯН, ЕЭК АЛҚА ТӨРАҒАСЫ:

– Қытаймен ақпарат алмасу аса маңызды. Өйткені бұл Еуразиялық экономикалық Одақ елдері арасында көрсеткіштерді өзара сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Көрсеткіштерді есептеудің ортақ әдістемесі болуы керек, міне, осы тұрғыдан алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай арасындағы келісім шынайы ақпарат алмасуға жол ашады. Кейін ол ақпаратты негізге алып, өзара тауар айналымын бағалауға, көлік тасымалы бойынша мәлімет жинауға болады.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен 40-қа тарта жоба мақұлданды. Бағдарлама көлік инфрақұрылымы мен логистиканы біріздедіруге бағытталған, дейді Саркисян. Аталған жобалар «еуразиялық бестік» елдері мен Қытайдың ғана емес, аймақ елдерінің мүдделерін де көздейді, дейді Еуразиялық комиссияның алқа төрағасы.