Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ел экономикасының экспорттық әлеуетін арттыруға сеп болды. Қазақстанда жасалған дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар алғаш рет Моңғолия мен Вьетнамға экспорттала бастады. Жалпы, фармацевтикада өндіріс көлемі 2017 жылы 47 пайызға ұлғайған. Өзге салалардың да экспорттық мүмкіндіктері артқан. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібі 5,7 %, металлургия – 13 %, тамақ өнеркәсібі 8,5 % өсім көрсеткен.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Өңдеу секторының экономикадағы үлесі 2015 жылғы 10,1 пайыздан 2017 жылдың қорытындысы бойынша 11,2 пайызға дейін өсті. Бұл ретте 2017 жылғы алдын-ала қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнім өсімінің үштен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібінің есебімен қамтамасыз етілді.

Жалпы отандық өнім бүгінде әлемнің 122 еліне экспортталады. Тізімге Орталық Азия елдері де қосылды. Бұл бағытта сатылатын тауар көлемі 30 пайызға артқан. Бұдан басқа көлік құрастыру саласында да ілгерілеу бар. Қостанайдағы зауытта биыл 500-ге жуық электромобиль құрастырылады. Экспорттық бағыт Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерін қамтиды. Өткен жылы экспорттың жалпы көлемі 1,6 миллиард долларды құрады. Атап айтқанда, ет және құс өнімдері, бидай-нанымыз Ауғанстан, БАӘ, Иран және Қытайға жеткізілді.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Экспорт бойынша көшбасшылар болып, Жамбыл, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары, еңбек өнімділігі бойынша Маңғыстау, Атырау және Қарағанды, негізгі капиталға инвестициялар бойынша Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы қаласы болып табылады.

Жауапты министрлік экспортты 7 пайызға ұлғайтып, инвестициялар көлемін 1 триллион теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр. Биыл ол қаржыға 150 жоба іске қосылмақ. Сондай-ақ биыл Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2024 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары аяқталады. Кәсіпорындарды цифрлық технологияларға көшіру де назардан тыс қалмайды. Аймақтық кәсіпкерлік картасына енген 100 жаңа жобаның индустрияландыру бағдарламасына сәйкестігі тексеріледі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер