Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның арнайы экономикалық аймағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Инвестиция тарту– Қазақстан экономикасының басым бағыттарының бірі. Елімізде шетел инвестициясын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның арнайы экономикалық аймағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қазақстандық делегация Оңтүстік Кореяның ірі корпорациялары және «Инчхон» еркін экономикалық аймағының өкілдерімен кездесті. Оңтүстік Корея тарапы «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыруға, сонымен бірге Пусан теңіз порты арқылы Ұлы Жібек жолының жобаларын кеңейтуге мүдделі.

КИМ ДЖИН ЁН, «ИНЧХОН» ЕЭА КОМИССАРЫ:

 - Кореяда 8 еркін экономикалық аймақ бар. Біз көптеген әуежайлар мен теңіз айлағын салдық. Елімізде экономика және IT технология саласының барлық мамандары зерттеулермен айналысады. Біз балаларға арналған ойын-сауық орталығын, демалыс орындары мен казинолар салу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол арқылы Инчхонға туристер ағынын көбейту көзделіп отыр. Қазақстанмен өзара тәжірибе алмасуға дайынбыз.

Қазақстандық инвестициялық тартымдылығын қытайлық кәсіпкерлер де жоғары бағалайды. Аспан асты елі  шетелдермен  инвестициялық әріптестік орнату бойынша ауқымды жоспарлар құрылған. Мәселен, қытайлық компанияның бірі Ақтөбеде рентген аппараттарын құрастыруға ниетті. Ол үшін бірлескен кәсіпорын құру немесе «Ақтөбе» индустриялды аймағында жаңа зауыт салу жоспарланып отыр. Аталған жоба бойынша бірінші келіссөздер былтыр желтоқсанда Бейжіңде өтті. Ал таяуда қытайлық тарап Қазақстанға келіп, өндірістік базамен танысып қайтты. Егер жоба сәтті жүзеге асса, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының сәтті үйлескенін көрсетеді.

ЛИ ЦЗЯНМИН, «NUCTECH» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бүгінде Қазақстанда шетелдік инвесторларға жақсы жағдай жасалған. Бізге жан-жақтан саяси әрі институционалдық қолдау көрсетіледі. Сондықтан бұл жоба сәтті жүзеге асып, Ресей мен Қырғызстан нарығына да тауар шығаруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Маңғыстау облысы БАӘ-не қызықты инвестициялық жобаларды ұсынды. Араб елінің инвесторлары Каспий жағалауында жаңа нысандар тұрғызуға қаржы құймақ. Алғашқы жоба ретінде 35 қабаттан тұратын бизнес орталықтары мен көп функционалды тұрғын үй кешені салынбақ. Араб кәсіпкерлерінің айтуынша, Маңғыстаудың тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық саласына жылу сақтайтын, өздігінен электр қуатын өндіретін жоғары технологиялар енгізіледі.

НҰРБЕК ҚАРАСАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БАСШЫСЫ:

 - Бүгінгі таңда біздің өңір көлік логистикасы, ауыл шаруашылық саласы, туризм салалары да жақсы қарқында даму үстінде. Сондықтан осы араб елінен келген инвестиция осы салаларды дамытуға жаңа биіктерге, жаңа шыңдарға шығаруға жақсы серпіліс болады деп есептейміз.

Қазақстанға шетелдік инвесторлардың қызығушылығы ерекше. Инвестициялық тартымдылық пен шетелдік кәсіпкерлердің біздің елге сенімі Үкімет қызметін бағалаудың басты көрсеткіші болады. Елімізге шетелдік капиталдың көптеп тартылуы, кәсіпкерлерге оңтайлы жағдайлар жасаудың жарқын жемісі.