Қазақстан-Голландия: Ауылшаруашылық саласындағы әріптестік

Қазақстан ауыл шаруашылығының әлеуеті зор. Нидерландыда тамақ кластерін құру үшін барлық инновациялық технологиялар бар. Осы ретте екі елдің аграршылары Гаагада кездесті. Олардың пікірінше екі елдің ынтымақтастығы агрокешеннің қарқын алуына сеп болмақ. Қазақстаннан барған делегация сапар барысында Голландияның аграрлық саласындағы озық технологиялармен танысты. Соның ішінде «ақылды» агрокешендердегі энергия мен суды үнемдеуге, атмосфераға тарайтын зиянды шығындыларды азайтуға мүмкіндік беретін инновациялық құрал-жабдықтар бар. Мұнда өнімнің табиғи қалпын сақтай отырып, сапасын арттыратын технологиялар да сұраныста.

ХЕНК ВАН ТОЙЛ, ЖЕРГІЛІКТІ КОМПАНИЯНЫҢ ЭКСПОРТ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Бұл жылыжай соңғы үлгіде. Климат бақылауы бар қондырғылар ресурсты мейлінше аз пайдаланып, қызанақ пен қиярды барынша көп өсіруге мүмкіндік береді. Яғни, сырттағы ауаны ішке енгізіп, температураны біресе көтеріп, біресе төмен түсіреді. Жылыжайдың бір гектарынан жыл сайын 100 мың тонна қызанақ, 50 тонна қияр алуға болады. Қазақстанның қысы қатты болатын бір шеті мен жазы аптап ыстық болатын екінші шеті үшін бұл қондырғы өте маңызды.

Бұл сүт фермасында соңғы үлгідегі сауын технологиясы қолданылады. Мұндағы аппараттар ірі қараның денсаулығын, сүт сапасы мен мөлшерін тексереді. Айта кетейік, Қазақстандық фермерлер өндіріс барысымен танысып қана қойған жоқ. Жаңашылдықтардың жай-жапсарын бағамдап, алдағы уақытқа жоспар құрды.

ҚАЗЫМБЕК АҚМАҒАМБЕТ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:

 - Елімізде "ҚазАгро" мекемесі инвест жобаларға пайыздық үстемесі аз несие береді. Біздің 500 бас ірі қарамыз, 350 жылқымыз және 400 қойымыз бар. Қазір санға жұмыс істеп жатырмыз. Сосын сапаға көшетін боламыз. Егер голландиялық технологияны өзімізге енгізсек, ұтарымыз көп.

МАРИА ДЕЛЬ ПОЗО, "YORINNOVATION" ҒЫЛЫМИ ЖОБАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Қазақстан ауылшаруашылық саласында үлкен әлеуетке ие. Сүт және сүт өнімі өндірісін жақсартуға, арттыруға мүмкіндігі мол. Оның үстіне, Қытай және Ресеймен шекаралас мемлекет. Сондай-ақ, Еуропа және Таяу Шығыспен байланысы бар. Табиғи ресурстарыңыз көп. Сондықтан Қазақстан азық-түлік өндірісінде стратегиялық хабқа айналуы мүмкін. 

Қазақ фермерлерінің бұл сапарынан кейін голландиялық "Вахенинген" университетінің қатысуымен елімізде индустриялды аграрлық парк құрылуы мүмкін. Отандық аграршылардың пікірінше, егер бұл жоспар жүзеге асса, елімізде ауқымды инновациялық агрокластердің қалыптасуына жол ашылады.