Қазақстан іскерлік туризмді дамытпақ

Қазақстан іскерлік туризмді дамытуға ден қойып жатыр. Сәйкесінше Мәскеуде еліміздің іскерлік туризміне арналған роуд шоу ұйымдастырылып, отандық мамандар Астана қаласын халықаралық шаралар өткізетін алаң ретінде беделді ресейлік туристік агенттіктерге ұсынды. Шаһарда көрмеге арналған 25 мың шаршы метр алаң, 3 мың қонақ үй бөлмесі, конгресс-орталықтар мен спорт кешендері шоғырланған. «Қазақтуризм» компаниясы елордамызда ең жоғары деңгейдегі форумдарды ұйымдастыруға қауқарлы.

АҚБОТА ҚАЛИЕВА "ҚАЗАҚТУРИЗМ" ҰК АҚ ӨКІЛІ:

- Бізде экономика, саясат, спорт салаларына қатысты шаралар өткізуге қажетті инфрақұрылым бар. Елге қаражат тарту үшін үлкен алаңдар салынған.

14-тен астам отандық туристік компания  мен 50 ірі ресейлік агенттік өкілдері  жиналған Би ту Би форматында өткен кездесуде ел өкілдері ресейліктерді халықаралық этнофестивальдің қонағы болуға шақырды. Биыл бұл қойылым Астана күнінің 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында, маусымның соңында өтеді. Көрші мемлекеттің тілшісі Олег Злобиннің пікірінше, туристерді осындай шаралар қызықтырады. Маман өзі Қазақстанға келіп, арнайы фоторепортаждар да әзірлепті. Бұл туынды  «Ресей және алыс-жақын елдер» атты туризм саласына арналған журналға тұрақты түрде жарияланып тұрады.

ОЛЕГ ЗЛОБИН "ТУРИЗМ ШЕБЕРХАНАСЫ" МЕДИА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Ең бастысы, мен Қазақстанның киелі жерлерін аралап шықтым. Әр азамат пен турист үшін қасиетті орындарды көрдім. Нәтижесінде әдемі фоторепортаж жасадым. Журналымыздың жаңа басылымында "Астананың 20 кереметі" атты туындыны басып шығардық. Оған елорданың сәулетті ескерткіштерінің суреттері кірді. Әрине, туристер арасында қызғушылық пайда болды.

Қызығушылықтың бар екенін туристік операторлар да растап отыр. Былтырдың өзінде Қазақстанға келген ресейлік туристердің саны 30 пайызға артқан.

СВЕТЛАНА АНУФРИЕНКО, РФ ӨҢІРЛЕРІ ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Екі ел арасында саяхатшылар емін-еркін жүреді. Бірақ, қазір көбі Қазақстанды көруге құлық танытып отыр.

Талдау агенттіктерінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан ресейліктер арасында сұранысқа ие бестікке енді. Біздің ел Түркия, Абхазия, Финляндия сынды мемлекеттермен қатар тұр.