Өзбекстан өз өнімдерін Қазақстанның теңіз қақпасы арқылы Еуропа нарығына шығаруды көздеп отыр. Көрші елмен экономикалық байланысты одан әрмен нығайту мақсатында «Жол картасы» жасалған болатын. Соның негізінде бауырлас елдер келешекте тауар айналымын 5 млрд АҚШ долларына жеткізбек. Ал былтыр тауар айналымы 2 миллиард АҚШ долларынан асып түсіп, барлық саладағы көрсеткіш 30 пайызға артқан еді. Осы қарқынды еселету үшін биыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында аймақаралық ынтымақтастық форумы ұйымдастырылмақшы. 

БАҚЫТЖАН ХАБИБУЛЛАЕВ, ҚАРАҚАЛПАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МИНИСТРЛЕР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Экономикалық  және мәдени байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде әсіресе біздің Қарақалпақстан Республикасымен  мен  Ақтөбе облысы  байланыс орнатпақ.  Сонымен бірге Ақтау облысы мен Қызылорда облыстарымен байланысты бекемдеу көзделіп отыр.

Форум стратегиялық әріптес елдердің экспорт пен импорттық әлеуетін арттыруға негіз болмақ. Өйткені оған біздің  16 облыс пен көрші мемлекеттің 14 өңір әкімшілігі мен кәсіпкерлері қатысады. Химия және  мұнай, фармацевтика  мен мақта кластері және бидайды терең өңдеу салалары дамып, бірлескен кәсіпорындар құрылады деген болжам да бар.

ФАРИЗШОХ УСМАНОВ, ӨЗБЕКСТАН САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫ  БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Өзбекстанның еркін экономикалық аймақтарында шетелдік инвесторлар үшін жеңілдіктер мен артықшылықтар беріледі. Қазірдің өзінде Өзбекстанда қазақ кәсіпкерлерінің қаржыландыруымен  206  кәсіпорын  сол жеңілдіктерді пайдаланып жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге инвесторларға кедендік салықтық жеңілдіктер мен жер тағы басқа мәселелерде түрлі көмектер көрсетіледі.

Тәуелсіздік жылдары  екі ел арасында бұрын соңды болмаған жаңа жобалар жүзеге асты. Қазақ елінің логистикасы көршілердің Еуропа мен Батыс нарығына шығуға жол ашты. Сонымен қатар, екі ел басшылары экономикалық және рухани байланысты нығайту мақсатында саяси ортақ шешімдерге келді. Нәтижесінде 1,2 миллиард АҚШ долларына жуық келісімшарт жасалды. 

АЛИШЕР МАРДАХИМОВ, ӨЗБЕКСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

 - Екі халықты бірлестіретін нәрсе бұл – мәдениет, күй, ән мен би және әдебиет. Біз Әлішер Науаиды қандай жақсы көрсек, Абай Құнанбаевты да дәл сондай жақсы көреміз. Бұл екі ұлы ғұлама өз  шығармаларымен екі елді бір-біріне жақындастырады. Жылдар мен ғасырлар бойы  қалыптасқан екі ел арасындағы достық  қарым-ұатынастан  қыл өтпесе екен  деген тілегім бар.

Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында жыл бойы қазақ жерінде 78 мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер