Нидерландтық кәсіпкерлер Қазақстанға инвестиция құяды

Нидерланды Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі. Голландиялық кәсіпкерлер қаражатын ауыл-шаруашылықты  дамытуға  бағыттамақ. Осы ретте Гаагада Нидерландтың 60-тан астам ауылшаруашылық кәсіпорны қазақстандық фермерлермен кездесіп өз ойларын білдірді. Тараптардың айтуынша, Қазақстанға - жаңа аграрлы технология, Нидерландыға - өнімдердің жаңа нарығы қажет. Голландиялық кәсіпкерлердің айтуынша, біздің еліміз 200 миллион адамы бар Еуразиялық экономикалық одақтың және Қытайдың нарығына шығатын  бірден-бір мемлекет.

ВИЛКО РОГЕНКАМП, АЛМАТЫДАҒЫ НИДЕРЛАНДЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ БҰРЫНҒЫ БАСШЫСЫ /2012-2017ЖЖ/:

 - Агрокәсіпті дамыту үшін Қазақстанның ауа-райы өте қолайлы. Голландияның ірі ауыл шаруашылық компаниясы әсіресе Қазақстанның оңтүстігі аграрлық инвестицияларға тиімді аймақ екендігін ашық айтып отыр. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» бағыты бойынша  қызанақ пен қиярды Ресейге экспорттау әлдеқайда оңай болмақ. Сондықтан, Қазақстан осы салада жақсы хаб болатындығына санімдімін.

МАҒЖАН ІЛИЯСОВ, ҚР НИДЕРЛАНДЫДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Голландиялық кәсіпкерлер өте жоғары қызығушылық танытып, нақты сұрақтар қойды. Мал шаруашылығын дамыту, суармалы жерлерді кеңейту және ауылшаруашылығы техникасын жаңарту  агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа басымдықтары болып отыр. Менің ойымша, осы салалардың барлығын Голландиялық бизнесмендер Қазақстанда өз жобаларын және бизнесін дамыту үшін пайдалана алады деп ойлаймын.

Голландиялық кәсіпкерлерді  Еркін экономикалық аймақтағы қолайлы инвестициялық климат, субсидиялар, салықтық және кедендік жеңілдіктер қызықтыруда.

ӘСЕЛ СУАНҚҰЛОВА,  "KAZAKH INVEST" ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Біздің еліміз қолайлы инвестициялық климат құру үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Мұнда "Қазақ Инвест"-тің рөлі бар.  Инвесторлар Қазақстан нарығына келіп өзін ыңғайлы сезінуі үшін барлық ақпаратты ұсынады.

Бүгінде Қазақстандағы аграрлық секторлар үлкен басымдыққа ие. Жалпы елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің төрттен бірі шет елге экспортталады. 2021 жылға қарай Қазақстанда тұқымдарды өңдеуге арналған алты зауыт салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өндірілетін тұқымдардың үштен бірі шет елге экспортталады. Сүт және ет өнімдерінің 40 пайызы шағын шаруашылықтарда өндіріледі. 2020 жылға қарай бұл нарықтың көлемі 2 миллиард долларға жетуі тиіс. Агроөнеркәсіптің даму қарқынын көрген Еуропалық Қайта құру және Даму банкі сала әлеуетін арттыру мақсатында қаржы құймақ.

ӘСЕЛ АЙТХОЖИНА, ЕЭДБ-НІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛІ:

 - Біз голландиялық көшбасшылар жылыжай технологиялар нарығына басымдық береміз. Сонымен қатар ет және сүт өнімдерін өндіру, биогаз бен биоотындарды өңдейтін технологияларды дамытуды қарастырамыз. Менің ойымша, Қазақстанның орналасу ауқымы кең, сондай-ақ табиғи байлықтары мол. Осы ретте су ресурстары мен күн сәулесінің таралуы жылыжай бизнесін дамытуға мүмкіндік береді.

Голландиялық сарапшылардың пікірінше, жаңа Жібек Жолының бойында алып нарықтың қақ ортасында орналасқан Қазақстан Еуразияның жаңа аграрлық орталығына айналуы тиіс.