Қазақстандық экспорттың ұлғаюы көлік және тасымал саласын жандандыра түсті. Отандық тауарлардың басым бөлігі сыртқы нарықтарға теміржолмен жеткізілуі нәтижесінде контейнерлерге деген сұраныс артты. Аталған салаға өнім өндіруші кәсіпорындардың бірі – Екібастұз вагон зауыты. Кәсіпорын жақында жаңғыртудан өтіп, жаңа құрал-жабдықтармен жарақталды. Мұнда алдағы 5 жыл ішінде 10 мыңнан астам жүк вагонын құрастыру көзделген.

ЕВГЕНИЙ ТУМАНОВ, МЕТАЛЛ ЖИЫНТЫҚТАРЫН ЖИНАУШЫ ҰСТА:

 - Мен осы кәсіпорында  іргесі қаланған күннен бері жұмыс істеймін. Екі жарым, үш  жылдай үзіліс болды. Соған қарамастан өндіріс көлемінің артатынын естіп қуанып жатырмыз. Жүк вагондарын жасауға өз үлесімізді қосамыз.

Жаңғыртудың нәтижесінде кәсіпорын толықтай автоматтандырылған жүйеге көшті. Заманауи технологиялар күрделі тапсырмаларды мүлтіксіз орындайды. Жаңа жүйе уақыт тапшылығын алдын алып, шығынды да азайтып жатыр.

ВОЛОДЯ ВЕСЕЛОВ, ОПЕРАТОР:

 - Бұл  металл кесетін құрылғы. Жартылай вагондарға қажет материалды дайындап жатырмыз. Жартысы автоматпен,  жартысы қолмен кесіледі.    

Кәсіпорын өнімдеріне тапсырыс көп. Бұан дейін екі ауысыммен істеген зауыт алда 4 ауысымға көшуді жоспарлап қойыпты. Бұрын күніне 5 вагон құрастырылса, енді тәулігіне 10 вагон жасалатын болады.

БЕРІКБАЙ ӘМІРЖАНОВ, ВАГОН ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз 2400 вагон құрастыруға  тапсырыс алдық. Сондай-ақ 270 әмбебап платформалар жасаймыз. Еңбеккерлердің санын арттыруды көздеп отырмыз. Бүгінгі күнге дейін 108 вагон жасалды.

Кәсіпорынның бүтін металдан жабық вагондар құрастыру сертификатына ие. Енді астық таситын вагондар құрастырылмақ. Сонымен қатар Ресейден алынатын материалдардың орнын отандық өнім алмастырып, өнімнің өзіндік құны  төмендейді. Бұл бағытта да жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер