Қазақстандық аграршылар өз өнімдерін Парсы шығанағы, Африка мен Орталық Азияның 30-дан астам елінің нарықтарына жеткізуге ниетті. Мақсат – отандық азық-түлік тауарларын әлемге танымал ету. Мемлекет басшысының Жолдауында осындай міндет қойылды. Жүктелген жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол, дейді Павлодар облысының шаруалары. Олар сыртқы нарықтарға ұн, қарақұмық, жасымық, арпа мен сұлы жеткізбек. Қазірдің өзінде Түркия, Өзбекстан және Қытай елдерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.

ЕРЛАН ТОҚТҰШАҚОВ, «ЕРТІСАГРО» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Дәнді дақылдарды өңдеуден өткізу біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі. Біз дәстүрлі бидай, қарабидай, арпа, сұлыдан бөлек майлы дақылдарды өсіре бастадық. Зығыр, жасымық, бұршақ пен жарма дақылдары да бар. 

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылық компаниялары Ресейдің Сібір аумағына өнім экспортын ұлғайтты. Ресейліктер жыл сайын 300 мың тоннаға дейін өнім сатып алып, Новосібір мен басқа да қалаларға ірі көтерме және бөлшек сауда желісі арқылы таратуға дайын. Ресей тұтынушылары тарапынан қазақстандық азық-түлік тауарларына деген сұраныс жоғары. Бағасы сапасына сай келеді. Ортақ сауда-экономикалық кеңістіктің болуы – тағы бір артықшылық. Былтыр «Оңтүстік» өңірлік инвестициялық орталығы новосібірлік көтерме-бөлшек сауда орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Осы келісім негізінде 2018 жылы экспорт әлеуетін арттыратын келісім шарттар жасалды.

ДМИТРИЙ ТЕРЕШКОВ, КӨТЕРМЕ САУДА ЖЕЛІСІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Оңтүстiк Қазақстан облысының өнiмдерi біздің нарықта өзбекстандық өнiмдермен қатар тұрып, лайықты орынға ие болуы керек деп ойлаймын.

Қазақстандық агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетіне шетелдік бизнес те қызығушылық танытқан. Салалық мекеменің мәліметінше, инвесторлар агрожобаларға қаржы құюға ниетті. Осының дәлелі ретінде жақында еліміздің бірнеше өңірінде шетелдік капиталдың қатысуымен бірнеше жоба іске аспақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер