Қазақстанда агроэкспорт көлемі артып келеді - Kazakh TV

Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын еселеуде. Жыл басынан бері жаңа көлік дәлізімен Вьетнамға 5 мың тонна отандық бидай жөнелтілді. «Ляньюньган» қазақ-қытай халықаралық логистикалық компаниясы өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта Қорғас шекара қақпасы мен Алашаңқай кедені арқылы өтетін жүк көлемін арттыру көзделген. Бұдан бөлек, «Қытай-Еуропа» бағытындағы жолды дамыту міндеті тұр. Осылайша, еліміздің экспорттық мүмкіндіктері кеңейе түседі. Қазақстанның Ляньюньган теңіз порты арқылы жыл сайын 150 мың  контейнер  жөнелту жоспары бар. Ал 2020 жылға қарай  контейнер саны 500 мыңға жеткізілмек.

ЛЮ БИН, ЛЯНЬЮНЬГАН ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстаннан тасымалданатын өнімдердің көлемі мен түрлерін арттыруды жоспарлап отырмыз. Тек бидай ғана емес, сонымен қатар, сиыр және тауық еттерін Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне, ал кері бағытта жеміс-жидектер тасымалдау арқылы логистикалық айналым жасай аламыз. Сонда тасымал құны арзандайды, сол арқылы өнім бағасы да қымбат болмайды.

Еліміздің батыс өңіріндегі кәсіпорындар да шетел нарықтарын бағындыруға ден қойған. Өткен жылы аймақтың ет өндірушілері шет елдерге бір жарым мың тоннадан астам мұздатылған өнім жеткізген. Мысалы, «Орал ет комбинаты Иранға қойдың 40 тонналық партиясын жіберді. Бұл кәсіпорынның жылдық қуаты 10 мың тоннаға есептелген, соның барлығы дерлік экспортталады. Малды сою мен етті экспортқа дайындауға байланысты барлық технологиялық үрдіске үш күндей уақыт жұмсалады. Мамандардың айтуынша, вакуумды қаптамалардағы мұздатылған ет минус 18 температурасында бір жылға дейін сапасын жоймай сақталады.

ФАРУХ БЕХТАШ, ВЕТЕРИНАР ДӘРІГЕР, /ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ/:

 - Соңғы бірер айда біз Қазақстандық ет комбинаттарынан Иранға 3 мың тоннаға тарта ет жөнелттік. Соның ішінде оралдық кәсіпорыннан 250 тонна дайын өнім экспортталды. Мен еуропаның бірнеше мемлекетінен және Индия, Бразилия, Австралия секілді елдерден ет сатып алдым. Бірақ, ең сапалы ет осы қазақстанда екеніне көзім жетті. Сонымен қатар мұнда өндіріс жағдайы да өте қолайлы.

РАХИМ НАҒМЕТОВ, ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОР:

 - Бүгінде Иранға 200 тоннадан аса мұздатылған қой еті экспортталды. Осы  жылдың соңына дейін бірнеше ирандық компаниямен өнім жеткізу туралы келісім шарт жасалды. Экспорттық әлеуетті одан ары кеңейте бермекпіз. Иран, Ресей, Қытай нарықтарына ет жеткізу ойымыз бар.

Елбасы өз Жолдауында 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін екі есе ұлғайтуды тапсырып, аграрлық саясатты еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағыттауды жүктегені белгілі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер