Америкалық ірі банктер мен әлемге әйгілі компаниялар «Астана» ХҚО-на инвестиция бағыттамақ

Америкалық ірі банктер мен әлемге әйгілі компаниялар «Астана» Халықаралық қаржы орталығына инвестиция бағыттауға мүдделілік танытты. Елордалық қаржы құрылымына деген бизнес қауымдастықтың қызығушылығы Қазақстан Президентінің АҚШ-қа жасаған сапарынан кейін арта түскен. Ол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іскерлік әлем серкелерін Астанаға шақырған болатын. Мемлекет басшысы «Астана» қаржы орталығын «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарының аймақтық хабына айналдыру көзделіп отырғанын жеткізген. Бүгінде әлемдегі аса ірі биржа алаңы саналатын Nasdaq (Насдак)  «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басты серіктесі екені белгілі.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Nasdaq платформасы арқылы жаһандық инвестициялық банктер біздің елде өтіп  жатқан жекешелендіру үдерістеріне қол жеткізе алады деп жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылдың аяғына дейін «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі ұлттық компанияларды жекешелендіру басталады. Әрине, көптеген америкалық инвестициялық қорлар үшін бұл еліміздің нарығын дамытуға  бағытталған  өте жақсы мүмкіндік.

Қайрат Келімбетовтың айтуынша, елде инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасалған. Оның бірі әрі бірегейі инвесторлар үшін өте маңыздысы – құқықтық жағы. Яғни тәуелсіз соттың және Халықаралық арбитраж орталығының болуы Халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етпек.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 - Бұрындары мұндай мүмкіндік болмаған еді. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы заңнамасы инвесторларға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Біз цифрлық технологиялар саласындағы үздік компаниялар мен жұмыс істеп жатырмыз. Және жылдың соңына дейін Microsoft, Mastercard, Visa сияқты компаниялармен бірлескен инновациялық платформалардың ашылуын жариялауды жоспарлаудамыз.

Бүгінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығы БҰҰ-мен бірлесіп қаржы технологиялары саласында аймақтық хабты құру жұмыстарын жалғастыруда. Сондай-ақ, Силикон алқабындағы компанияларымен және Bloomberg ақпараттық серіктестігімен ынтымақтастық тереңдетілуде. Сарапшылардың пікірінше, қаржылық және биржалық салалардағы ілгерілеу Қазақстанды әлемнің көшбасшы елдерінің қатарына шығаруға мүмкіндік бермек.