2017 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 18 млрд долларға жетті. Бұл – бірлескен жобаларды тиімді жүзеге асырудың жемісі. Тек Алматы қаласының бір өзінде 300-ге жуық бірлескен кәсіпорын мен қытайлық капиталдың қатысуымен 1500-ге жуық компания тіркелген екен.

Бұл желіде қызанақ пастасы құйылып жатыр. Автоматтандырылған жүйе үздіксіз жұмыс істейді. Кәсіпорын қытайлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Атап өтерлігі, бұл компанияның көрші елмен әріптестік байланыстары осыдан 20 жыл бұрын орнаған. Бүгінгі күні кәсіпорын өз сегментінде жергілікті нарықтың жартысына жуығын қамтамасыз етіп, өнімдерін Қырғызстан, Ресей, Ауғанстан елдеріне де экспорттап отыр.

АЛМА МҰҚАШЕВА, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазір біз барлық желіні жаңғыртып әрі автоматтандырып жатырмыз. Бұл ретте қытайлық серіктестер үлкен көмек көрсетуде. Яғни, олар Қытайдан қажет жабдықтарды жіберіп отыр. Таңдаған құрылғыларды өндіруші зауытпен келісім жасап, олардың инженерлегі осында келіп, оны іске қосып, жолға қояды, біздің мамандарға үйретеді.

Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасындағылар қытайлық бизнес Қазақстанның тамақ өнеркәсібіне инвестиция құюға ниетті екенін айтады.

АЛМА ТҰРЛЫБАЕВА, АЛМАТЫ КӘСІПКЕЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Қытайлық кәсіпкерлер бірнеше бірлескен жобаны мақұлдады. Бүгінде бірнеше қытайлық инвесторлар қызығушылық танытып отырған жобалар бар. Олар осында келіп, сол жобаларды пысықтап көрмек. Мұның бәрі «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатыр.

Жібек Жолы бойындағы ынтымақтастық бастамасына қытайлық «Хуакей» компаниясы да қосылды. Бұл компания мұнай-газ және химия өнеркәсібіне арналған өлшеу құралдарын өндіруге маманданған. Осы күні АҚШ, Вьетнам, Үндістан, Бангладеш, Индонезия елдерімен байланыс орнатқан. Енді бұл тізімді Қазақстан толықтырды.

ВАН ЦЯНЬ, «ХУАКЕЙ» ТЕХНИКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстандағы өкілдігіміз 2018 жылдың қаңтарында Алматыда құрылды. Бүгінде тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Филиалда 5 қызметкер жұмыс істейді. Олар мұнай-газ жабдықтарына арналған өлшеу құралдарын сынаумен, жөндеумен және жеткізумен айналысады.

Айта кетейік, бірлескен кәсіпорындарының саны жөнінен әрі тікелей инвестиция көлемі мен бөлінген несиелердің сомасы жөнінен Қытай Халық Республикасы Қазақстанның басты экономикалық серіктестестерінің бірі саналады. Қос елдің көлік-транзиттік саладағы әріптестігінің де әлеуеті мол.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер