Экономиканы ілгерілетудің бір жолы ретінде әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту. Халықаралық әйелдер күніне орай Астанада халықаралық конференция өтті. Форумды ұйымдастыруға Канаданың Қазақстандағы елшілігі мұрындық болды. Жеке ісін өрге домалатып отырған 60-тан аса қазақстандық және шетелдік бұрымды іскерлер әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, жиында осы бағыттағы канадалық тәжірибе таныстырылды. Атап өтерлігі, аталған мемлекет гендерлік теңдік бойынша әлемде көш басында. Канадада жұмыс күшінің жартысына жуығын әйелдер құрайды және олар ел экономикасына елеулі үлес қосып отыр.

НИКОЛЯ БРУССО, КАНАДАНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Маккензидің зерттеуіне сәйкес, әйелдерді еңбек қызметіне тартудың нәтижесінде 2026 жылы Канаданың экономикасына 150 миллиард доллар табыс түседі. Ұзақ мерзімге қарайтын болсақ, Канада үшін де, Қазақстан үшін де бизнестегі әйел ролін насихаттау үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның экономикалық белсенді тұрғындарының арасында әйелдердің саны артқан. Нәзікжандылар «Бизнестің жол картасы-2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» сияқты ірі мемлекеттік жобаларды іске асыруға белсенді араласуда. Мемлекет басшысының микронесиелендіруді кеңейту туралы бастамасы да әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигезеді, дейді сарапшылар. Аталған бағдарлама 14 мың адамды қамтиды деп көзделген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп.

РАУШАН СӘРСЕМБАЕВА, ҚАЗАҚСТАН ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанда әйелдердің экономикадағы, әсіресе бизнестегі ролін арттыру бағытында атқарылып жатқан шаруа көп. Бізде тіпті теңдессіз жағдайлар жасалған десек те болады. Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, іскер әйелдерді қолдауға 20 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінсін деп Мемлекет басшысының өзі айтты. Бұл – уақыт талабы, жаһандану үрдістерінің бірі.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту экономика тұрақтылығын нығайтады. Демек, салаға құйылған инвестицияның қайтарымы елеулі болмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер