Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен «Бизнестегі арулар» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр

Елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 45 пайызын әйелдер басқарып отыр. Барлығы бұл салада 1 млн-нан астам кәсіпкер өз ісін өрге домалатуда. Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен «Бизнестегі арулар» бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. Институт кәсіпкерлерді оқытып, тәлімгерлік жасайды. Бизнеске несие беру мен  қолдау көрсету де қарастырылған.  Айту керек, борыш теңгемен есептелінеді. Нәзікжандылар басшылық ететін мұндай 23 мыңға жуық микро, шағын және орта кәсіпорындарға несие берілген. Барлығы Еуропа қайта құру және даму банкі елдегі шағын және орта бизнестің 251 кәсіпорнына  қолдау көрсетіп отыр.  Бұл жайлы Ұлттық экономика министрлігі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қатысуымен өткен үйлестіру комитетінің бесінші кездесуінде сөз болды.

ХОЛЬГЕР ВИФЕЛЬ, ЕҚДБ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ МОҢҒОЛИЯДАҒЫ БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ ӨҢІРЛІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз тек қазақстандық кәсіпкерлермен ғана емес, консультанттармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл олардың өсуіне үлкен мүмкіндік. Олар қазақстандықтарға сапалы қаржылық көмек көрсете алуы керек. Одан бөлек бізде 2 мыңға жуық халықаралық сарапшылардың мәлімет базасы бар. Олар қазақстандық кәсіпкерлерге бизнестің қыр-сырын үйретуге, ісін дамытуға кез келген кезде көмек көрсетуге әзір.