Қазақстан мен Өзбекстанның тоқыма өнеркәсібіндегі ынтымақтастығы тереңдей түспек. Екі ел мақта өңдеу кластерін бірлесе дамытпақ. Аталмыш жобаны іске асыру бағытында жұмыстар басталып та кетті. Қазақстан мен Өзбекстан ақ алтынды егуден бастап, одан дайын өнім алуға дейінгі барлық үрдісті қатаң бақылауда ұстайды.

ИСРОИЛ УРАИМОВ, КӘСІПКЕР:

-  Түрлі тоқыма өнімдерін шығарумен айналысамыз. Дайын заттарды ТМД елдеріне жібереміз. Матаны бояп, тігіп өңдеп шығарамыз. Бізде 550 адам еңбек етеді.

Сарапшылардың пікірінше, жоба екі ел үшін де тиімді. Фермерлер өзара тәжірибе алмасады. Сонымен қатар, шикізат елде өндірілгендіктен, тауарлардың құны да қолжетімді болады. Мұның бәрі тоқыма өнеркәсібін дамытуға үлкен серпін береді.

ЕРІК ӨТЕМБАЕВ, ҚР ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

-  Тоқыма өндірісі өңірдегі маңызды салалардың бірі. Бұл салада көршілердің жинақтаған мол тәжірибесі бар. Яғни мақта егуден бастап, одан дайын өнім жасап шығаруға дейінгі аралық қамтылған. Өңдеу өндірісі екі ел өнімдерінің экспорттық әлеуетін артырады.

Жоба аясында жаңа бірлескен кәсіпорындар құру жоспарда бар. Бұл Қазақстан мен Өзбекстанның тоқыма өнеркәсібін дамытуға негізі болады және тұтастай алғанда экономикалық бағыттағы ынтымақтастықты нығайтады. Бұдан басқа, елдер арасындағы экспорт пен импорт көлемін ұлғайту мақсатында инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұған екі ел басшысының кездесуі кезінде қол қойылған келісім негіз болмақ.

АБДУСАТТОР АХМЕДОВ, ӘНДІЖАН ОБЛЫСЫ ИНВЕСТИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Әндіжан облысында бүгінгі таңда шетелдік кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен 180 кәсіпорын еңбек етіп жатыр. Бұл жобалар негізінен Қытай, Корея мемлекеті мен Қазақстан және Қырғыз инвесторларының көмегімен жүзеге асып отыр. Өңірімізге алыс және жақын шет елдерден көптеп инвесторлар келіп жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан мемлекетімен 18 миллион доллар көлеміндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімге келдік.

Қазақстаннан көрші елдер нарығына трансформаторлар, түрлі тұрмыстық өнімдер экспортталып жатыр. Болашақта бұл тізімді фармацевтика мен мақта-тоқыма өнеркәсібінің бұйымдары толықтыра түседі. Қазақстан мен Өзбекстанның инвестициялық мүмкіндіктері биылғы жылы өтетін аймақаралық ынтымақтастық форумынан кейін тағы артуы мүмкін,- дейді мамандар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер