Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға 200 миллион еуро бөледі

200 миллион еуро. Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға осындай көлемде инвестиция салмақ. Қаржы мекемесі елдегі экономикалық өсім қарқынын және қоршаған ортаға кері әсерді төмендету шараларын назарға алған. Қазіргі таңда Қазақстанда «жасыл» энергетика саласында 55 нысан бар. Ал 2020 жылдың соңына дейін тағы 52 нысан пайдалануға берілмек.

ХЕЛЕНЕ ШВАЙГЕР, ЕҚДБ БАС ЭКОНОМИСІ:

 - Қазақстан инфрақұрылым мен жасыл энергетиканы дамыту бойынша 20 елдің қатарына кіріп отыр. Парниттік газды қанша азайтса да, көрсеткіштер әлі де жоғары. Сонымен қатар, биыл Қазақстан кәсіпорындарына квота сату жүйесін енгізіп, алдағы 5-10 жылда парниктік газдарды азайту бағытында мақсатты шараларды қолға алмақ. Орталық Азия аймағының басқа елдерімен салыстырсақ, Қазақстан инфрақұрылымды дамытуға инвестиция көп салуда. Яғни, Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр.

Жаңартылатын қуат көздерін дамыту саласында Қазақстан Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық орнатқан. Бізде экологиялық таза көлік және энергияға тәуелсіз үйлер сияқты «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Осы саладағы әріптестіктің келешегін «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының жетекшісі Рәпіл Жошыбаев Сеулде өткен кездесулерде талқылады. Қазір екі ел ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеп жатыр. Құжаттың жобасы биыл мамыр айында Корея президенті Мун Чжэ Инның Астанаға сапарына қарсы дайын болмақ.

О ИН ХВАН, ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ /КОРЕЯ/:

 - Бүгінгі таңда Кореяда жасыл энергияны пайдалану көрсеткіші жоғары деп айта алмаймын. Қазір біз 30% ядролық, 30% көмір, 20% газ және 10% - жаңартылған энергия көздерін пайдаланамыз. 2030 жылға қарай жасыл энергияны 30%-ға дейін жеткізсек деген жоспар бар. Үкімет ядролық және көмір энергетикасының үлесін азайтып, оның орнына күн мен желден алынатын қуат көзіне басымдық беріп отыр.

Қазақстан баламалы қуат көздерін жан-жақты қолдануға ден қоймақ. Бүгінде елімізде «жасыл» жобалар белсенді дамытылуда. Бұған Астанада өткен ЭКСПО халықарлық көрмесінің әсері зор. Сондай-ақ елімізде «жасыл» технологиялар орталығы құрылды. Енді ондағы мамандар әлемдегі озық тәжірибелерді зерделеп жатыр.

РӘПІЛ ЖОШЫБАЕВ, «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСШЫСЫ:

 - Кореялықтардың көлікке газ орнату жағынан тәжірибесі мол. Олар бізде газ өнеркәсібінің мүмкіндігін, оның дамып келе жатқандығынан хабардар. Соған орай бірнеше жоба ұсынбақ. Мұндай орталықтар ғылыммен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ғалымдар тобы да бар. Қазақстанның экологиялық ұйымдары мен қауымдастығы да мұндай маңызды істерден тыс қалмайды.

Инвесторларды көптеп тарту үшін Астана халықаралық қаржы орталығымен бірлесе жұмыс атқарылмақ. Қазақстан әлемнің жетекші энергетикалық ұйымдармен әріптестік жасай отырып, Орталық Азияда «жасыл» технологиялар хабын құруды көздейді.