Қазақстан мен Латвияның сауда-экономикалық ынтымақтастығы

Қазақстан мен Латвияның сауда-экономикалық ынтымақтастығы жылдан  жылға тереңдеп келеді. Өткен жылдың өзінде екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 100 млн АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткішті еселеу мүмкіндіктері Ригада өткен бизнес форумда талқыланды. Іскер ортаның үлкен қызығушылығын туғызған шараға 70-тен аса компанияның өкілі қатысты. Тараптар сауда-экономикалық байланысты дамытуға мүдделілік танытты.

ВЛАДИМИР САМОЙЛЕНКО, ЛАТВИЯ ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ДАМУ АГЕНТТІГІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Қазақстан – болашағы кемел ел. Сіздерде  латвиялық тауарлардың аз екенін білемін. Бұл ретте осы мүмкіндікті кәсіпкерлер мейлінше пайдалануы тиіс.  Бұл жиынға  көлік, тоқыма өнеркәсібі, айти технология, Елгава машина құрау зауыты, Вентспилс теңіз айлағының өкілдері мен металл құрылымдары және қаптайтын материалдармен айналысатын мамандар келді.

Қос мемлекеттік Рига мен Алматы қалалары арасында мызғымас достық орнаған.  Осыдан 20 жыл бұрын екі қала арасында сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісім жасалғаны.

ҒАНИБЕТ АУБАКИРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИИД БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - 2016 жылмен салыстырғанда қос  қаланың әріптестігі 10 пайызға өскен. Бұл жақсы көрсеткіш. Аймақаралық ынтымақтастық өз жемісін беріп отыр. Атап өткеніміздей  бізді тамақ өнеркәсібі  қатты қызықтырып отыр. Осы сала бойынша бизнес жұмыс бастасақ дейміз. Ал, фармацевтика саласы Алматы үшін өте маңызды.

Сәуір айының соңында Рига мен Алматы арасында  тікелей әуе қатынасы ашылады. Бұл екі ел арасындағы екіжақты қатынастарды жаңа белеске шығарары сөзсіз.

МАКСИМ ТОЛСТОЙ, РИГА ДУМАСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Енді азаматтарымыз екі ел арасында тікелей ұшуға мүмкіндік алады.  Осыған байланысты Қазақстанда еліміздің туристік көрмесі ұйымдастырылатын болады. Бірінші рейс аясында біз бизнес-форум  өткізіп, Алматыға Рига мэрінің ресми делегациясын жіберуді жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше Латвия республикасының 100, Астана қаласының 20 жылдығына орай екі елдің арасында мерекелік әрі іскерлік іс-шаралар өткізілетін болады.

Қазақстан – Латвия үшін Орталық Азия аймағындағы экономикалық және стратегиялық сенімді  серіктес. Қазір Латвияда қазақстандық капиталмен 200-ге жуық, ал біздің елде Латвияның  50-ден аса кәсіпорны жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.