Шетелден тартылған капиталдың ел экономикасына тигізіп отырған оң әсері мол. Жаңа өндірістерді ашып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі – Қытай. Халық республикасының техника өндіруші компаниясы Қазақстанда өз зауытын ашуға ниетті. Инвестиция және даму министрлігінің өкілдері «YTO Group Corporation» кәсіпорнының басшылығымен кездесіп, әріптестіктің мүмкіндіктерін талқылады. Бұл – әлемдегі ауылшаруашылығы, жол және құрылыс техникасын өндіретін ең ірі компанияның бірі. Компания басшысының орынбасары Ван Кэцзунның айтуынша, жоба жүзеге асса, жылына 10 мың теxника құрастырылады. Сонымен қатар, жоба аясында қызмет көрсету мен сауда орталығын салу қарастырылған.

ВАН КЭЦЗУН, КОМПАНИЯ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді анықтау үшін бірнеше рет жұмыс тобын жібердік. Нәтижесінде «қазақ елі - ауылшаруашылығының дамуы жоғары, нарығы кең, транспроттық жүйесі дамыған мемлекет» деген қорытындыға келдік. Біз құрастыратын теxника Қазақстанның климаты мен гeографиялық жағдайларына сай келеді.

Ал Қарағанды облысында шетелдік капиталдың қатысуымен 5 ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде швейцариялық компания Жәйрем кентінде заманауи кәсіпорынның құрылысын бастады. Ал Осакаров ауданында әктас өндіретін кәсіпорын салынады. Бұл жобаны Қазақстан мен Бельгия бірлесіп жүзеге асырады. Сонымен қатар аймақта қорғаныс өнеркәсібі зауыты мен ферросиликон зауытының құрылысы басталды. Ал қолданыстағы өндіріс орындарын жаңғырту мен цифрландыруға 250 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

 - Жаңа жобалардың ішінде «Ақылды карьер» мен «Цифрлық кен ошағы» іске қосылады. Бұл жаңашылдықтар аймақтағы өндіріс барысын оңтайландырып, шығындарды азайтып, бәсекелестікке бейімдейді.

Қазақстан экономикасының басты инвесторлары – АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция және басқа да ірі мемлекеттер. Олар еліміздің инвестициялық климатын жандандыруға үлес қосып келеді. Шетелдік капиталдың қатысуымен бүгінде елімізде жаңа өнеркәсіп жобалары іске асып, экономиканы модернизациялау шаралары белсенді атқарылуда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер