Құрық порты арқылы 2,5 миллион тонна жүк жөнелтіледі - Kazakh TV

Биыл Құрық теңіз портына Орталық Азиядан, Қытайдан және еліміздің өзге өңірлерінен автожол арқылы жүк тасымалы артады. Бұған дейін толық жаңартылған «Ақтау– Бейнеу» автожолының қатарына енді «Бейнеу-Ақжігіт­ Өзбекстан Республикасының шекарасы»  тасжолы қосылмақ. Қарақия ауданынан Құрық портына дейінгі көлік дәлізі сәуір айында қолданысқа беріледі.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

 - Сонымен қатар жылдың басында орталықтың қолдауы бойынша 2 үлкен жолдың торабын жасауға мүмкіндік алып отырмыз. Бірі – Құрықтан Жетібайға шейін 64 км, соның жолы, мұның ақшасы белгіленді. Сонымен қатар Кендірліден Түркменстан шекарасына дейін 164 км. Оның да ақшасы белгіленді. Қазақстан бойынша жолмен қамтамасыз ету деңгейі бізде ең алдыңғы облыстардың біріне шығамыз.

Аталған транзиттік жүктер мен отандық өнімдер порттағы 2017 жылы іске қосылған автомобиль айлағы арқылы шетелге жөнелтіледі. Бұл өз кезегінде Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан мен Иран сынды елдермен  сауда-саттықты ұлғайтып, барыс-келісті арттырмақ. Ал жаңа айлақтың жылдық қуаты 2 миллион тонна.

ТАЛҒАТ ОСПАНОВ, ҚҰРЫҚ ПОРТЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазір Қытайдан транзиттік жүктерді тасымалдауда көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Қазіргі таңда осы паром қатынасы Әзербайжан мемлекетімен, Әзербайжанмен тығыз байланыстамыз. Күнделікті ақпарат алмасып отырмыз олармен. Енді осы жоспарда Түркмения мен Иранмен байланысты нығайтуды көздеп отырмыз. Келешекте енді жүктер болып жатса сол бағытта да паром қатынасы болады деген үміттеміз.

Биыл Құрық порты арқылы 2,5 миллион тонна жүк жөнелту көзделіп отыр. Қазір мұнда автомобиль паромдық кешенінен өзге екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон сыйып кететін 4 бірдей алып теңіз лайнерін қабылдауға қауқарлы. 2020 жылға қарай порттың қуатын екі есеге арттыру көзделіп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер