Қазақстанда шығарылған тағам өнімдерін Ресейдің сауда дүкендерінен жиі көруге болады. Жергілікті халық тарапынан біздің тауарларға сұраныс жоғары. Оңтүстік Орал өңіріндегі ірі қалалардың бірі Челябіде тек қазақстандық азық-түлік сатылатын сауда орындары ашылған. Алты ай бұрын «Қазақстанда жасалған» атауымен іске қосылған дүкенде 500-ден астам отандық өнім түрлері, оның ішінде түрлі тәттілер, ет, сүт өнімдері, кеспелер бар. Келер жылы тауар түрін мыңға жеткізу көзделіп отыр.

ЗОЯ СОКОЛОВА, ДҮКЕН ИЕСІ:

 - Біз тағы да сауда орындарын ашып, аумағымызды кеңейткіміз келеді. Қазақстандық өнімдерге қашанда сұраныс жоғары.

ТАТЬЯНА ГЕЛЬМЕЛЬ, ЧЕЛЯБІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Сүт, қаймақ, сүзбені күнде осы жерден аламын. Басқалармен салыстырғанда дәмі ерекше, ешқандай қоспасы жоқ, таза.

Орал экономикалық одағының өкілдері қазақстандық өнім өндірушілерге көмек-қолдау көрсетпек. Алдымен біздің тауарлардың Ресейдің сауда желілерінде  кең таралуына барынша жағдай жасалмақ.

ОЛЕГ ВИТКОВСКИЙ, ОРАЛ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біздің түпкі мақсатымыз – әр өңірде дүкендер желісін ашу. Қазір қоймамыз бар. Онда әр компанияның өнімі бөлек-бөлек сақталады. Әзірге ондай қоймалар Урал өңірінде ашылады. Одан соң Екатеринбург, Тюмень, Пермь, Магнитогорск, Челябіге шығамыз. Сосын Мәскеу, Новосібірді қамтып, кеңейте бермекпіз.

Келешекте Мәскеуден Новосібірге дейінгі аралықты қамтитын алып аймақта тек қазақстандық тауарлар сатылатын федералды сауда желісін құру жоспарланып жатыр. Яғни, тең үлеспен бірлескен кәсіпорын ашу көзделген. Ресейлік тарап өкілдерінің айтуынша, осы ретте қазақстандық өндірушілердің пікірі мен ұсыныстары ескеріліп, назарға алынады. Келіссөздердің қорытындысы бойынша, ет өнімдері, шай, кондитерлік өнімдер өндіруші 10 компаниямен келісім жасалды. Алдағы уақытта олардың қатары толығары анық.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер