Өзбекстанның бизнес өкілдері қазақстандық іскер азаматтармен бірлесіп, ірі өндіріс орындарын құрмақ - Kazakh TV

Қазақстан - Өзбекстанның сауда нарығындағы ең ірі серіктестерінің бірі. Көрші елдегі шағын және орта бизнес өкілдері қазақстандық іскер азаматтармен бірлесіп, ірі өндіріс орындарын құруға ниетті. Өйткені олар қазақ елі арқылы батыс нарығына шыға алады. Өзбекстан үшін стратегиялық маңызы бар өңірлердің бірі - Әндіжан облысы. Өндіріс ошағы шоғырланған аймақта химия, машина жасау, тоқыма кластері жақсы дамыған. Мына аяқ киім зауытында кебістен қыстық етікке дейін тігіледі. Мұндағы өнімдер Еуропадан бастап әлемнің 20 мемлекетіне  экспортталады. Қазақстан  да осы тізімде тұр.

МУЗАФФАР ВАЛИХАНОВ, ЗАУЫТ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Жалпы біз экспорт көлемінің 20 пайызын Қазақстан Республикасына жөнелтеміз. Біз қазақстандық көптеген кәсіпкерлермен жақсы байланыс орнатқанбыз. Сұранысқа қарай болашақта экспорт әлеуетін 35-40 пайызға ұлғайтуды көздеп отырмыз.

Өңірде 180 инвестициялық жоба қолға алынған. Өзбекстан брнедіне айналған жеңіл машина да осында құрастырылады. Ақ алтыннан бастап көкөністің барлық түрі егіледі. Әсіресе, Әндіжан күрішіне сұраныс жоғары. Мұнда шетелдік кәсіпкерлерге  барлық жағдай жасалған.

УМРБЕК ТАДЖИБАЕВ, ӘНДІЖАН ОБЛЫСЫ САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Көрші елдерден келген инвесторларға және жергілікті кәсіпкерлік субектілерге қазіргі күні мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті бастапқыда нөлдік ставкамен жұмыс істейді. Кездесетін түрлі кедергілерді алып тастап жатырмыз. Бірлескен кәсіпорындар шығарған өнімдерді экспорттау бойынша да көп мүмкіндіктер жасалып жатыр.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы арнайы «Жол картасы» жасалған. Өткен жылы екі ел арасында 170 келісімге қол қойылған болатын. Енді әр облыстың ерекшелігіне қарай жүйелі жұмыс жасалады. Еліміздің оңтүстігіндегі шекаралы аймақтармен Ташкентті, ал Әндіжанды Алматымен жалғау жоспарланған. 

ЕРІК ӨТЕМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Әндіжан өзінің жеміс-жидегімен көкөнісімен мақтана алады. Мұнда қайта өңдеу кластері жақсы дамыған. Бұл экспорттық өнімдерді көптеп шығаруға мүмкіндік береді. Біз осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстан аумағында бірлескен кәсіпорындар құру жөніндегі келісімге келдік. Өйткені шағын және орта бизнес экономиканың қозғаушы күші деуге болады. Оған қоса жаңа өндіріс орнын құруға мүмкіндік береді.

Екі ел арасында өндіріспен қатар туристік байланыс та артпақ. Әндіжандағы тарихи орындар  зілзала кезінде жермен жексен болып кетсе де, әлем кезген саяхатшылар шығыс маржандары мен қолөнерін  тамашалуаға көптеп келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер