Қытайдың мемлекеттік даму банкі «Астана» халықаралық қаржы орталығында өз өкілдігін тіркеді - Kazakh TV

Қытайдың мемлекеттік даму банкі «Астана» халықаралық қаржы орталығында өз өкілдігін тіркеді. Сарапшылардың пікірінше, «Астана» ХҚО-на осындай мықты ойыншының қызығушылық танытуы инвесторлар ағынын арттыра түседі. Қаржы орталығының мәліметіне сүйенсек, бүгінде 10-нан астам компания тіркелген. Жыл соңында бұл көрсеткіш 100-ден асады деген болжам бар. Ол үшін алдымен Астанаға келіп кетушілерге ыңғайлы жағдай жасап, әлемнің жетекші қаржы орталықтарымен барыс-келісті реттеп,  тікелей әуе қатынасын қамтамасыз ету керек. Сарапшылардың пікірінше, шетелдік авикомпаниялармен арада түйткілді мәселе туындамағаны жөн.   

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Көлік қолжетімділігі – әлемдік рейтингі  бойынша қаржы орталығының даму деңгейінің негізгі көрсеткіштерінің бірі.  Алдын ала жүргізілген сауалнама нәтижесі Астананың әуе тасымалын жақсарту қажеттігін байқатты. Яғни,  қаржы орталығының бәсекелестік қабілеттілігін арттыру үшін бұл саланы дамыту қажет.

Еске сала кетейік,  «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы 5 шілде күні ЭКСПО конгресс-орталығының ғимаратында болады. АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, ауқымды шараға халықаралық компаниялардың, даму институттарының, қаржы ұйымдарының басшылары қатысады. Орталықтың ашылуымен маңызды халықаралық жиындардың өткізілуі де орайластырылып отыр. Шара аясында 13-ші Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы мен Назарбаев орталығында АХҚО-ның құқықтық мәселелер бойынша алғашқы халықаралық конференциясы өтеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер