Анкарада Қазақстан мен Түркия іскер әйелдерінің форумы өтті

Қазақстан мен Түркия – сенімді стратегиялық әріптестер. Қос тарап өзара тиімді саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды жоспарлы түрде нығайтып келеді. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларды құраған. Және бұл көрсеткішті бес есеге арттыру көзделген. Бұл туралы Анкарада өткен Қазақстан мен Түркия іскер әйелдерінің форумында айтылды. Бүгінгі күні елімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің 40 пайыздан астамын нәзікжандылар басқарады. Олар түркиялық әріптестерімен байланыс орнатып, бірлескен жобалар іске асыруға мүдделі. Ал  Түркияның іскер әйелдер кеңесі бүгінгі таңда әлемнің алпауыт компанияларымен бірге жаңа инновациялық бизнес жобаларды өмірге келтірген.

РУХСАР ПЕКДЖАН, TOBB ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІ ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз әйелдердің тек қызмет немесе тоқыма саласында ғана емес инновациялық жобаларда ойып тұрып орын алу үшін күш салуымыз қажет. Мысалы қолға алынған соңғы жобада 1400 астам  іскер әйелдерге арнап бағдарламаға код жазу және IT саласы бойынша оқу-әдістемелік семинар өткіздік. Әйелдердің қоғамдағы бәсекеге қабілеттілігін шыңдау үшін мұндай шаралар өте маңызды.

Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алғашқы болып өз алаңында Іскер әйелдер кеңесін құрған болатын. Бүгінде 16 өңірлік кеңес, 170 аудан орталығында филиалдар құрылды. Енді аталмыш кәсіпкерлер палатасы мен Түркия сауда палаталар мен биржалар одағының іскер әйелдер арасында бірлескен кеңес құрылмақ. 

ЛӘЗЗАТ РАМАЗАНОВА, «АТАМЕКЕН» ҰКП ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Қазақстан бизнесінің  басты мақсаты - өзіміздің ішкі нарықты қамтамасыз ету. Сонымен қатар өзінің бизнесін ары қарай экспортқа шығарып, дамыта түсу. Осы таңда бүгінгі форумның маңызы ерекше. Себебі біз бірнеше салаларды белгілеп отырмыз. Бізбен бірге  елімізде табысты қызмет етіп жүрген іскер әйелдері келді. Осыған орай  біз  жаңа технологияларды Қазақстанға алып келуді жоспарлап отырмыз.

Форумда Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен отандық туризмді дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Қатысушыларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы мен мүмкіндіктері таныстырылып, елімізде инвесторларға жасалған жеңілдіктердің жай-жапсары сөз болды.