Әзербайжанда жас ақындардың өлеңдері енген «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» жарық көрді. Бүкіл әлемдік түркі жазушылары қауымдастығы мен Әзербайжан жастар қорының көмегімен басылып шыққан кітапқа қазақтың 57 ақынының өлеңі еніпті. Енді әзербайжан тілінде қазақ әдебиетінің жинағын жарыққа шығару жоспарда бар.

АКБЕР ГОШАЛЫ, ЖОБА БАСШЫСЫ:

 - Бұл кітап – әзербайжан-қазақ әдеби байланыстарындағы алғашқы басылым. Кітаптың жарық көруіне ғалымдар, журналистер, ақын-аудармашылар ат салысты. Біз әзербайжандық оқырманға қазақ өлеңінің ырғағын, ұлттық ерекшеліктерін беруге тырыстық.

Түркі әлемі әдебиетіне қосылған жинақтың таныстырылымы ақын Ибрагим Иляслы басқаратын Сумгайыт қаласындағы Поэзия үйінде өтті. Кешке қазақ елінен арнайы барған ақындар Әзербайжан Республикасы Президенті жанындағы Жазушылар қоры мен Әлемнің жас түркі жазушылары одағы тарапынан Алғыс хатпен марапатталды.

АФСАНА АЛЕСКЕРЛИ, КІТАП РЕДАКТОРЫ:

 - Осы кітаптың жарыққа шыққанына қуаныштымыз. Антологияның Бакудегі тұсаукесерін қазақ ақындары мен журналистер қауымының қатысуымен өткіздік. Олардың келуі бұл күннің маңыздылығын  еселей түсті. Кітаптың Қазақстандағы тұсаукесерін биыл өткізбек ниеттеміз.

Кітапқа алғысөз жазған белгілі журналист Сона Валиева кітап екі елдің жас ақындары арасын жақындастыруға өз үлесін қосатындығына сенімді. Сондай-ақ олар қазақ оқырмандары үшін әзербайжан шығармаларының жинағын шығаруға ниетті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер