Отандық өнімнің сыртқы нарықта бәсегеге қабілеттілігін арттыру және ел экономикасына инвестиция тарту. Бұл Қазақстанның индустриалды даму бағдарламасы аясындағы басым бағыттарының бірі. Бүгінде республика ірі экспорттаушы мемлекеттердің арасында 53 орынға тұрақтаған. Қазіргі таңда жергілікті өндіріс ошақтарының өнімдері 122 елге тасымалданады. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзге елдерге 43 миллиард долардың тауары саудаланған. Экспорт 2016 жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 31,5 пайызға артқандығы байқалады. Ал импорт 15,8 пайызға өсіпті. Қазақстандық экспорттың тең жартысы Еуроодақ елдеріне тиесілі болса, 12 пайызы Қытай және 5 пайызы Орталық Азия елдерінің үлесінде. Жалпы Қазақстан уран, мыс, титан, ферроқосындылар, сары фосфор, ұн, астық  жеткізу бойынша әлемде көш бастап келеді.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Өңдеу өнеркәсіптеріндегі тікелей инвестиция көлемі 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 2016 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 19,4% дан 24% -ға дейін өскен. Бұл көрсеткішке сай өнеркәсіптік кешенге құйылатын шетелдік инвестицияның көлемі қарқынды түрде артқанын көріп отырмыз. Бұл өте жақсы жетістік.  

Биыл ел аумағында жалпы құны триллион теңгені құрайтын 150 жаңа индустриалды жоба жүзеге асырылмақ. Бүгінде экономиканың басым салаларында 300 миллион доллардың 7 бірдей  жобасының құрылысы басталып кетіпті. Бұдан қазақстандық нарыққа шетелдік компаниялардың қызығушылығы артып келе жатқанын көруге болады. Мәселен жақында мұнай құрылғыларын шығаратын Американың жетекші корпорациясы елімізде төл кәсібін дөңгелете бастады. Қазір бірлескен бастама Атырау облысында жүзеге асырылып жатыр.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:  

 - Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай елдерінің индустриалды салаға қатысты бірлескен 51 жобасы бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Оның төртеуі іске қосылды. Биыл тағы 363 миллион доллардың 6 өндірісі қолданысқа беріледі. Құны 623 миллион доллар болатын 5 бастама бойынша құрылыс басталды. Жалпы екі жақты бизнес қауымдастық арасындағы 51 жобаның ортақ құны 27 миллиард долларды құрап отыр.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстанның жаңа инвестициялық  брендін әзірлеу жұмыстары аяқталуға тәмам. Алдағы мамыр айында Астана қаласында ірі халықаралық инвестициялық форум өтеді. Жиында  ел экономикасына сырттан қаржы тартудың жаңа жолдары қарастырылатын болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер