Қырғызстан – интеграция ЕАЭО мүшелігі шеңберінде

Интеграция экономиканың қарқынды дамуына қосымша мүмкіндіктер ашады. Орталық Азия елдері бұл жүйенің тиімділігін жақсы біледі. Аймақтағы республикалар өзара аймақтық және жаһандық деңгейде де бәсекелестікті арттыратын процестерге белсене қатысып жүр. Қырғызстандық шаруалар ЕАЭО нарығын жаулай бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы тамақ өнеркәсібінің өсу қарқыны 112% құраған. Сонымен бірге, ЕАЭО нарығына шығарылған ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт көлемі өткен кезеңмен салыстырғанда 126% құрады. Бұған қарамастан, Қырғызстандық өндірушілер өнімді қаптауды және таңбалауды еуропалық стандарттарға сай әлі де толығымен меңгермепті. Аз кем кемшіліктер болғанымен, оны түзету жұмыстары да жүргізіліп жатыр. 

ЛЕНАРА НИЯЗБЕКОВА, ҚЫРҒЫЗСТАН ИМПОРТТАУШЫЛАР МЕН ЭКСПОРТТАУШЫЛАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - 2016 жылы біз алғаш рет ЕАЭО нарығына шықтық. Нарықтың талабы үш фактормен анықталады. Ол – баға саясаты, көлем және бәсекеге қабілеттілік пен жүйе. Қазіргі таңда Қырғызстан ЕАЭО аясында осы процестер бойынша жұмыс істеп жатыр. Әрине, агроөнеркәсіпті жүйелендірмей, экспорт туралы айта да алмаймыз.

Ресей Қырғызстанның шаруаларына ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға көмектеседі. Екі елдің өнім өндірушілері арасындағы тауар айналымының көлемі екі есеге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы аграрлық сектордағы ынтымақтастық жөніндегі ортақ меморандумға қол қою кезінде мәлім болды. Осы құжатқа сәйкес ресейлік тарап Қырғызстанның экспорттық инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі міндетті орындауы тиіс. Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілерге мамандандырылған алаң бөлініп, тауарды қабылдап алу мен өңдеу жүйесі де жолға қойылатын болды.

БОГДАН ГРИГОРЬЕВ, «РОСАГРОМАРКЕТ» ХОЛДИНГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Ресейдің ірі қалаларында орналасқан біздің орталықтардың арқасында қырғыз өндірушілері мен жеткізушілері өз өнімін дүкендер желісіне өткізіп, белгілі бір сауда нүктелерінің талабына сай буып-түйіп, орналастыруға мүмкіндігі болады. Олар біздің арнайы жасатқан алаңымызда отандық өнімдерін сақтап және қонақ үй мен жекелей сауда орындарына сата алады.

Кезекті ауыл шаруашылығы маусымының қарсаңында президент Сооронбай Жээнбеков жауапты мекемелерге фермерлерге қажетті жағдай жасау арқылы сыртқы нарыққа қырғыз өнімдерін сату бойынша жұмыстарды қолға алуды тапсырды. Олар фермерлік шаруашылықты дамыту үшін барлық қажетті жағдайды жасамақшы. Қазірдің өзінде фермерлер ЕАЭО нарығына өз өнімдерін шығара алады және сұраныс артып келеді.