Қазақстанның фармацевтикалық өнімдерінің экспорты - Kazakh TV

Отандық фармацевтикалық өндірістің дамуы – экономикадағы жоғары инновациялық көрсеткіш. Бұл сектор еліміздегі жылда дамып жатқан табысты сала. Қазіргі таңда Қазақстанда 11 фармацевтика кәсіпорны жұмыс істейді. Басым көпшілігінің сапасы халықаралық стандартқа сай сертификатталған. 

Қазақстандықтарды кем дегенде 50 пайыз отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ғалымдардың басты міндеті. Фармацевтер бүгінде тек қана дженериктік емес түпнұсқалық препараттар шығарады. Сонымен қатар түрлі табиғи шөптерден дәрі жасайтын арнайы кластер құрылды. Республика аймағында 200-ден астам дәрілік шөп өседі, оның 20 түрі тек Қазақстан топырағында кездеседі. Түрлі зерттеулерге сәйкес отандық препараттың 43 түріне клиникалық сынақ жүргізіліп жатыр.

ЕВГЕНИЙ ТОЛОКОННИКОВ, ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз дәрілік формаларды жақсартумен айналысып жатырмыз. Беларусь компаниясымен, Мәскеу, Германия елдерімен бірлескен үлкен жобаларымыз да бар.

Фармацевтика нарығындағы отандық дәрі-дәрмектің үлесін арттыру үшін ел ғалымдары тынбай еңбектеніп жатыр. Айталық, қарағандылық мамандар ойлап тапқан қатерлі ісікке және гемофилия дертіне қарсы қос дәрі қаңтар айынан бастап емдеу мекемелеріне түсе бастады. Алғашқы партиясы қазақстандық ауруханаларда бар. Бұрын мұндай дәрілерді жылына млрд теңге жұмсап шетелден сатып алатын еді. Импортты алмастыру шығынды үш есеге азайтып, тасымалды да жақсартты. Енді жаңа зауыт халық арасында көп сұранысқа ие дәрі-дәрмектің 66 түрін өндіруді жоспарлап отыр.  

РУСЛАН СҰЛТАНОВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДӘРІЛІК ӨНДІРІСІ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Отандық өндірушілер арзан әрі қарапайым халыққа қолжетімді өнімдерді өндіріп жатыр. Біз осылайша мемлекеттің шығындарын азайтамыз.

Соңғы үш жылда фармацевтика өнеркәсібінің өнімділігі 42% -ға өсті. Ал өткен жылы шығарылған препараттардың құны 73 миллиард теңгеден асты. Дегенмен, саланың әлеуеті жыл санап артып жатыр. Сарапшылар атап өткендей, фармацевтикалық нарықтың қарқынды дамуы үшін ғылымды, өнеркәсіп саласын және білім беру технологиясын тығыз интеграциялау қажет. Олардың пікірінше, мұндай шара отандық дәрі-дәрмектердің өндірісін ұлғайтуға, фармацевтиканың дамуына мүмкіндік береді. Айта кетейік, «Қазақстанда жасалған» деген атаумен кейбір дәрі-дәрмектерді алыс елдерден де кездестіруге болады.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер