Қытай мен Корея Республикасының инвесторлары Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отыр - Kazakh TV

Қазақстанға азиялық инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Қытай мен Корея Республикасы Қазақстанмен қарым-қатынастарда индустриализация және инвестиция тақырыптарына басымдық береді. Осы ретте Бейжіңде Қазақстан мен Қытай делегациялары ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында бірнеше бастамаларды ұсынды. Қазір екі ел арасында жалпы құны 27 миллиард АҚШ долларынан асатын 51 жоба бар. Алайда индустриялық-инвестициялық әріптестіктің көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол, дейді сарапшылар. Екі елдің өкілдері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы төңірегінде ой бөлісіп, экономиканы цифрландыру және жоғары технологияларды дамыту мәселері бойынша да пікір алмасты. 

ХУ ДУНШЭН, ҚЫТАЙ ДАМУ БАНКІ ЖОСПАРЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз екі елдің даму бағдарламасын өзара ұштастырып әріптестікті арттыру мүмкіндіктерін қарап жатырмыз. Бұл ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы бізде бағыт-бағдар бола алады. Ол экономиканы цифрландыру, индустриаландыру, жасыл технология сияқты түрлі салада ынтымақтастықты арттыруға жаңа жол ашады.

Қазақстан Корея үшін де маңызы зор әріптес. Сеулде «Кореялық кәсіпорындар үшін инветициялық мүмкіндіктер» атты семинарда өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талықланды. Екі жақты әріптестік шеңберінде осы жылы Корея Республикасының Президенті Мун Чже Иннің Қазақстанға сапары жоспарланған. Ал Сеулдегі кездесу барысында Оңтүстіккореялық инвесторларға Украина мен Қырғызстан елшіліктерінің өкілдері де өз елдерінің инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып берді. Сарапшылардың пікірінше, таң самалы  елі үшін бұрынғы Президент Пак Кын Хе ұсынған еуразиялық бастама әлі де өзекті. Қазір де Сеул Қытай, Ресей, Орталық Азия және Еуропамен серіктестік пен ынтымақтастыққа маңыз береді.

Ю ДЖАН ХИ, ИХВА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Қазақстан үкіметі сандық экономиканың дамуына басымдық беріп отыр. Бұл екіжақты серіктестік орнату үшін мұнай және газдан бөлек тиімді бағыттардың бірі деп ойлаймын. Кореяда көлік, тұрмыстық техника өндірісі өте жақсы дамыған. Бірақ логистика бойынша Қытаймен бәсекеге түсе алмаймыз. Егер Корея мен Қазақстан осы салада серіктестік орнатса, біраз белесті бағындырарымыз хақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер